Мамин Тікелей инвестициялар қоры компаниясының директорлар кеңесін басқарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин Тікелей инвестициялар қоры компаниясының директорлар кеңесін басқарады. Бұл туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтекенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамин Тікелей инвестициялар қоры компаниясының директорлар кеңесін басқарады

«АХҚО өз кезегінде Тікелей инвестициялар қоры туралы келесі жайтты айтқысы келеді. Қаржы министрлігінің тапсырмасы бойынша, біз қор мен басқарушы компанияны тіркедік. Компанияны басқаратын директорлар кеңесін Үкімет басқарады. Онда Премьер-министр болады. Директорлар кеңесінің мүшелері осы құраммен сайланып, тиісті басқарушыларды тағайындайды», - деді Қайрат Айтекенов Мәжілістегі Қазақстанның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға арналған отырысында.

Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева Тікелей инвестициялар қорын, яғни «Қазақстандық инвестициялық қорды» құру үшін Ұлттық банктен мақсатты трансфертті бөлу есебінен 370 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.

Оның айтуына қарағанда, қор шикізаттық емес секторда озық жобаларды жүзеге асыру үшін құрылады. Қазақстанның экономикасына тікелей шетелдік инвестицияны өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, инновациялық сектор, инфрақұрылымды дамыту бойынша тарту жоспарланған.

Еске сала кетсек, өткен жылдың қазан айындағы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет», делінген болатын.