Мамлют ауданының тұрғыны коронавирусты Түмен қаласында жұқтырған - СҚО

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір тұрғынның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамлют ауданының тұрғыны коронавирусты Түмен қаласында жұқтырған - СҚО

19 сәуір сағат 23.10-дағы жағдай бойынша СҚО-да COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 30-ға жетті. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, науқас Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының 1994 жылы туған тұрғыны. 15 сәуір күні РФ Түмен қаласынан елге келген. Сол күні қауіпті індетке тексергенде теріс нәтиже көрсеткен.

Алайда 18 сәуір күні жігіттің дене қызуы 37,9 градусқа дейін көтеріліп, басы ауырып, Мамлют ауданында провизорлық стационарға жатқызылады. Сол жерде COVID-19 талдау алынып, оның коронавирусты жұқтырғаны расталды.

«КВИ оң нәтиже көрсеткеннен кейін науқас Петропавлдағы бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды. Инфекциялық бөлімшеге түскен кезде жағдайы қанағаттанарлық болды, дене қызуының жоғарылауы байқалмады. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде», - делінген баспасөз хабарламасында.

Кімдермен байланыста болғанын анықтау мақсатында эпидемиологиялық тексеру жүріп жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

19 сәуір сағат 23.10-дағы жағдай бойынша елімізде тағы 35 адамның қауіпті індетті жұқтырғандығы анықталды.