Мамлюткадағы үйдің опырылуы: СҚО-да апатты үйлер мәселесі қалай шешілмек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында апаттық және тозған үйлерді бұзу арқылы меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілді.
Мамлюткадағы үй неге құлады?
Бірер апта бұрын Мамлютка қаласындағы Скачков көшесінде орналасқан екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бір подъезі опырылып түсті. Тұрғындардың айтуынша, олар дер кезінде көшіп үлгергендіктен, ешкім зардап шеккен жоқ.
Оның алдында ғана адамдар пәтерлерден жиһаздары мен жеке заттарын шығарып, сақтап қалуға тырысқан еді. Қазір олар үйдің сол уақытта құламай, өздерінің аман қалғандарына шүкірлік етеді.
Тұрғындар үйдің апатты жағдайда екенін және қабырғаларында жарықтар пайда болғанын бірнеше рет айтып, мәселеге назар аудартуға тырысқандарын айтады.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бұл үйге қатысты шағымдар 2025 жылдан бастап түсе бастаған. Нәтижесінде «Expert Групп» ЖШС-нің былтыр мамыр айындағы техникалық қорытындысы, ведомствоаралық комиссияның 2025 жылғы 20 қарашадағы №1 қорытындысы және Мамлют ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №364 қаулысымен баспана апаттық деп танылды.
- Тұрғындар үйдің жанынан инженерлік желілердің тартылуы жағдайды ушықтырғанын айтады. Мамлют ауданының әкімдігі бұл нұсқаны тексеріп жатыр. Қазіргі уақытта 8 отбасы толық көшіріліп, оларға уақытша баспана берілді.
Ал жалпы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 34-бабына сәйкес, пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың, паркинг орнының, қойманың меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау ауыртпалығын көтереді, - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанат Сәдуақасов.
Бүгінде аумақ қоршалған, өйткені үйдің қалған бөлігінің құлау қаупі бар.
Өңірде қанша апатты үй бар?
Ведомствоның мәліметінше, СҚО бойынша 38 көпқабатты үй апатты деп танылған.
- Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, Петропавлда - 28, Ақжар және Мамлют аудандарында - үш үйден, Аққайың, Есіл, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бір-бірден үй апатты жағдайда тұр.
2025 жылғы 21 ақпанда 2029 жылға дейін апаттық және тозған үйлерді бұзу арқылы меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілді.
СҚО бойынша 2029 жылға дейін осы үйлердегі 356 меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған, - дейді Жанат Сәдуақасов.
«Жаңа Қала» бағдарламасы аясында не істеледі?
Петропавлдағы «ескі» аудандарды көркейту мақсатында «Жаңа Қала» реновациялық бағдарламасы қабылданған.
Осы жоба аясында биыл 5 үйді бұзу жоспарланған.
- 2027 жылға 3 апатты үй;
- 2028 жылға бағдарламаға 7 үй;
- 2029 жылға осы санаттағы 8 үй жоспарға енгізілген.
Күрделі жөндеуге қаржы бөлінген бе?
Мамандардың айтуынша, 2011 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджет, қайтарымды қаржыландыру тетіктері және жергілікті бюджет қаражатын қоса алғанда, 5,5 млрд теңге сомасына 227 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
- Осы жылы бейінді министрлікке жалпы сомасы 1 321,9 млн теңгеге 15 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттік өтінім жолданды, қазіргі уақытқа дейін қаражат бөлінген жоқ, - дейді Жанат Сәдуақасов.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта СҚО-да 900-ден астам үй күрделі жөндеуді қажет етеді, оның ішінде 327 үй аудандарда орналасқан.
Тасқыннан кейін қанша адам жаңа баспана алды?
Мамандардың айтуынша, 2024 жылы су тасқыны салдарынан 3898 үй су астында қалды, оның 2094 үйі апатты деп танылды. Бұл үйлер бұзылып, Петропавл мен Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 2197 меншік иесінің тұрғын үй жағдайы жақсарды. Петропавлда 1394 пәтер, «Бірлік» шағын ауданында 700 үй берілді.
Бұған дейін Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйлердің 16% жуығы күрделі жөндеуді қажет ететінін жазған едік.