МӘМС-ке алдын ала салынған жарна медициналық қызмет көрсетілгеннен кейін ғана аударылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға алдын ала салынған жарна банкте сақталып, қызмет көрсетілгеннен кейін ғана мекемеге аударылады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасалып, тексерілгеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, -

деп түсіндіреді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Еске салсақ, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігін қолдану, яғни 12 айға алдын ала жарна төлеуге мүмкіндік бар. Бұрын медициналық сақтандыруға ешқашан жарна төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілер оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айларға, тіпті өткен жылға да жарна төлеуі қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

Бірақ, 12 айға бірден төлем жасауға болмайды, өйткені жүйе әр ай үшін төлемді бөлек оқиды, сондықтан әр айға бөлек-бөлек төлеу керек.

Жарна төлеу кезінде қателік жіберілмегеніне көз жеткізу керек. Әйтпесе, төлем жүйеге түспейді және мәртебе берілмейді. Енгізілген ЖСН, төлем кезеңі және төлем енгізілетін жылдың дұрыстығын мұқият тексеру қажет.

Егер бір айда қате жіберілсе немесе екі рет төленсе, қате төленген төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазу арқылы қайтаруға болады.

МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банк, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады.

Төлемдер мен мәртебе туралы ресми құжатты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы eGov.kz электрондық үкімет порталынан алуға болады.


Соңғы жаңалықтар
telegram