МӘМС медициналық қызметтердің сапасын арттыруға септігін тигізеді - Т.Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова аймақтардағы, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді, деп хабарлады pm.kz.
Ведомствода мәлімдегендей, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (ДСӘДМ) «Аймақ, аудан, ауыл» қағидасы бойынша халық арасында өткізілетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының екінші кезеңі басталды.
Т. Дүйсенова МӘМС-ті енгізу - дамыған елдердің тәжірибесі бойынша ҚР денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы жүйесін, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, амбулаторлық-дәрілік қамсыздандыруды ұлғайтуға бағытталатынын, сонымен бірге, мемлекет пен азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы тең дәрежедегі жауапкершілігін қамтамасыз ететінін атап айтты. Сондай-ақ, МӘМС жаңа технологияларды енгізуге ықпал етіп, медициналық қызметтерді ұсынушылар арасындағы бәсекелестікті арттыру есебінен медициналық қызметтің сапасын көтеруге, медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен жалақысын арттыруға көмектеседі.
Вице-министр Елжан Біртанов әкімдердің орынбасарларына атқарылатын қызметтерді ҚР ДСӘДМ, жергілікті атқарушы органдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) арасында бөлу қағидасы туралы айтып берді.
«Жергілікті атқарушы органдарға барлық азаматтар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту мен аймақтағы медициналық қызмет көрсетушілердің тиімділігін арттыру, өңірдегі медициналық көмекті денсаулық сақтау ұйымдарының желісі арқылы көрсету, медициналық қызметтің қажетті көлемін жоспарлауға қатысу, денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды дамытуды қамтамасыз ету қызметтері жүктеледі. Әкімдіктер Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аймақтық департаменттерімен бірлесе отырып, медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялауға қатысатын болады», - деп хабарлады Е. Біртанов.
Өз кезегінде, Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті аудандық медицина ұйымдарын МӘМС жүйесіне дайындығын қамтамасыз ету, ауруханалар мен емханалар ӘМСҚ медициналық қызмет берушілерді таңдағанда минимальды стандарттарға сай болу керектігін атап өтті.
Жиынның соңында Т. Дүйсенова жергілікті атқарушы органдарына ЖҚЖК 2020 бағдарламасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдардың зейнетақы жүйесіне, келешекте - МӘМС жүйесіне қатысуын бақылауға алу қажеттігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.