МӘМС: Түркістан облысында короновирус немесе пневмониямен ауырғандар оңалту қызметтерін ақысыз алады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында короновирус немесе пневмониямен ауырғандар оңалту қызметтерін ақысыз алады. Осы мақсатта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы оңалту қызметтерін көрсететін 48 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық филиалдың мәліметінше, өңірде оңалту қызметтерін көрсететін 17 жеке медициналық ұйым бар. Ал, науқастарды COVID-19-дан кейін қалпына келтіру бірнеше кезеңнен тұрады. Ауруханаға жатқызу кезеңінде қалпына келтіру шараларының кешені басталып, олар тыныс алуды қалыпқа келтіруге және асқынулардың дамуын азайтуға баытталан. Аталған ұйымдарда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, мазасыздық пен депрессия белгілерін жеңілдетуге болады. Әрбір науқас ауруханадан шыққаннан кейін патологияның болуына байланысты медициналық оңалтудың 2-кезеңіне немесе 3-кезеңге жіберіледі. Яғни, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, күндізгі және тәуліктік стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторий-курорттық ұйымдарда, үйдегі стационарларда немесе қашықтықтан жүргізіледі. Сонымен қатар, науқастарға психологиялық қолдаулар көрсетіледі.
«Егер науқаста коронавирустық инфекция анықталып, қанның оттегімен қанығуы 95% - дан төмен болса қалпына келтіруге жіберіледі. Егер, науқастың жағдайы ауыр болса, 3 кезеңге жолданады. Сондай-ақ, үйлерінде емделген азаматтар да 3 кезеңде оңалтуды алады. Олар мультидисциплинарлы топтың бағалауынан өтуі қажет», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айжан Сердалиева.
Жуырда Түркістан қалалық емханасынан короновирустан жазылғандарды оңалту орталығы жұмысын бастады. Орталықта 19 науқасқа ингаляция, парафинотерапия, емдік массаж, велотренажер сынды емдік шаралары көрсетіліп жатыр.
«Алдағы уақытта мұнда магнитті терапия және басқа да медициналық аппараттармен толықтырылатын болады. Орталықтың вирусологиялық зертханасында Отырар, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларындағы емдеу мекемелерінен алынған ПТР сынамаларына талдау жасалуда. Нәтижелері орталықтандырылған жүйе арқылы азаматтардың жеке мәлімет жүйесіне енгізіледі», – дейді Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Рйымбек Тасырбаев.