МӘМС жүйесінен шығып қалсаңыз, «сақтандырылған» мәртебесін қалай қайтаруға болады
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына тұрғындар тарапынан түсетін сұрақтар легі толастаған емес.
Қор тұрақты түрде тұрғындармен кері байланыста жұмыс жүргізіп отырады. 2021 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін 472 өтініш түскен.
«Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі олардың бәрін уақытылы шешімін тапты» дейді қор филиалының баспасөз қызметі.
Қорға жиі қойылатын сұрақтың бірі: барлық жарна төленсе де, неге мәртебе САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН болып шығады? МӘМС жүйесінде «сақтандырылған « мәртебесін қалай қайтаруға болады?
- Барлық жарнаның төленгенін өзіңіз жеке қадағалап отырғаныңыз жөн. Кейде жұмыс беруші немесе азаматтардың өзі жарнаны толық аудармайды да, МӘМС арқылы медициналық қызмет алу мүмкіндігінен айырылады.
- Мәртебе қайтадан САҚТАНДЫРЫЛҒАН болуы үшін аударылмаған жарнаны төлеу керек. Мұны сіз үшін жұмыс берушіңіз аудара алады немесе дербес төлеуші ретінде өзіңіз төлей аласыз (жарна сомасы 1 ЕТЖ-ның 5%-і немесе 2125 теңге. Төлемнің тағайындау коды - 122).
Естеріңізге сала кетсек, «сақтандырылған» мәртебесіне ие болу үшін медициналық көмекке жүгінердің алдында соңғы 12 ай бойы жарнаны үздіксіз төлеп отыру қажет.
БЖТ төлеушілер медициналық көмекке жүгінердің алдында соңғы 3 ай бойы төлесе жеткілікті.
Айта кетейік, медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды.
Қор МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында медициналық қызмет алушылармен бірнеше арна арқылы үнемі кері байланыста.
Бұл – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @SaqtandyryBot телеграм-бот және 1406 байланыс орталығы.