07:08, 03 Маусым 2014 | GMT +5
Мамыр айында еліміздегі күнкөрістің ең төменгі деңгейі 18 800 теңгені құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы мамырда негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларымен есептегенде, орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы өткен аймен салыстырғанда 2,8%-ға, 2013 жылғы мамырмен салыстырғанда 8,3%-ға өсті.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, аталмыш кезеңде ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі - 21,8%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқа үлесі - 16,1%, жемістер мен көкөністер - 12,5%, нан және жарма өнімдері - 7,5%, қант, шай және дәмдеуіштерді сатып алу үлесі 2,1%-ды құраған.
Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз мөлшері бойынша ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай табыс. Ал ең төменгі тұтыну қоржыны - бұл адамның тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құндық көріністеріндегі ең төменгі жиынтығы болып табылады, деп жазады strategy2050.kz.