Мамыр айында еліміздегі жұмыссыздар саны 533,6 мың адамды құрады
АСТАНА. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылдың мамыр айында еліміздің экономикасында 8,2 млн. адам жұмыспен қамтылды. Яғни, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда олардың саны 347,2 мың адамға немесе 4,4 пайызға көбейді. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,5 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 66,5 пайызды) құрады.
Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы мамырда жұмыссыздар саны 533,6 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2010 жылғы мамыр айының соңына 85,7 мың адам ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 1,0 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш 2009 жылдың мамырында -1,2 пайыз болатын.
Жалпы, 2010 жылғы мамырдағы бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4 пайызын құрады.