Мамыр айында Қазақстандағы ресми автокөлік диллерлерінің сатылымы ұлғайды
АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Мамыр айында Қазақстандағы ресми диллерлердің автокөлік сатылымы ұлғайғаны байқалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Qncepto» консалтингтік компаниясына сілтеме жасап.
Өткен айда қазақстандық ресми диллерлер 1 549 жеңіл және коммерциялық автокөліктер сатқан. «Qncepto» компаниясының зерттеулеріне сәйкес, бұл 2009 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 6,24 пайызға жоғары. Сондай-ақ өткен айда сатылған автокөліктер саны сәуір айындағы сатылымнан 20, 54 пайызға жоғары болған. «Qncepto» консалтингтік компаниясының зерттеулері көрсеткендей, өткен айда Lada, Toyota, Lexus, KIA автокөліктеріне сұраныс жоғары болған. Бұл көліктердің көшін «Lada» бастап келеді. Өткен айда бұл марканың 365-і сатылған. Ал өткен айда ғана Алматыда ресми орталығын ашқан Lexus көліктерінің 47-і сатылған. Сарапшылардың айтуынша, бұнымен Lexus алғашқы айдың өзінде-ақ жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр.
«Qncepto» зерттеулері көрсеткендей, елімізде ресейлік, өзбекстандық және отандық автокөліктерге сұраныс жоғары. Мәселен, алғашқы тоқсанда өзбекстандық Daewoo Nexia көлігінің 127-і сатылса, Ресейдің Тольятти зауытында құрастырылған "жетіліктің" 118-і, Өскеменде құрастырылған Lada 4x4-тің 112 данасы сатылған. Бұл басқа брендерден анағұрлым жоғары көрсеткіш.