Мамыр айындағы мереке күндері жауын-шашынды болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК ағымдағы жылдың 30 сәуірі-2 мамыры аралығындағы демалыс және мереке күндеріне арналған ауа райы болжамын таратты.
«Сәуір мен мамыр - қазақстанда ең көп жауын-шашын түсетін айлар. Биылғы жылы да тура солай болды. Сәуірдің соңғы күні мен мамыр айының басында республиканың көптеген аудандарында атмосфералық ағындардың әсерімен найзағай жарқылдап, өткінші жаңбыр жауады, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жауын-шашынның мол түсуі күтіліп отыр», - делінген хабарламада.
Синоптиктердің ақпаратынша, сенбі күні солтүстік, шығыс және орталық облыстарда түнде жаңбырдың сулы қарға ұласуы мүмкін, мұндағы ауаның температурасы көпжылдық мәндерінен 1-3 градус төмен болатыны күтілуде, және мұндай температура болжанып отырған барлық кезеңде сақталады. Республиканың қалған аумағында орташа тәуліктің ауа температурасы орташа мәндерінен 2-6 градус жоғары болатыны күтіліп отыр.