Мамырда газ бойынша ұлттық оператор құруды қарастыратын заң жобасы Үкіметке жолданады

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Мұнай және газ министрлігі мамыр айында газ бойынша ұлттық оператор құруды қарастыратын заң жобасын Үкіметке жолдайды.

Мамырда газ бойынша ұлттық оператор құруды қарастыратын заң жобасы Үкіметке жолданады

Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның вице-министрі Ләззат Қиынов мәлім етті.

«Біз мамырда мұнай өнімдері, одан кейін газ айналымы туралы заңды Үкіметке тапсырғызымыз келеді», - деді вице-министр ҚР Парламенті ғимаратында БАҚ өкілдеріне.

Оның атап өтуінше, аталған заң жобасы газ бойынша ұлттық оператор құруды қарастырады. Ал ол міндет кімге жүктелетіндігін Үкімет өз қаулысымен айқындайды.

Бұл оператордың сатылымға шығарылған еліміздің барлық газын көтерме бағамен сатып алатындығын атап өткен Л.Қиынов: «Оның басты міндеті бірінші кезекте елдің ішкі сұранысын қамтамасыз ету, одан кейін ғана экспортқа шығару болады», - деді.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, заң қабылданып, ұлттық оператор айқындалғаннан кейін еліміздегі газ өндіретін компаниялар өнімін экспортқа шығармайтын болады.