Мамырда қазақстандық лоукостер Астанадан Анкараға билет сатуды бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – FlyArystan Астана мен Анкара арасында қатынайтын ұшақтарға билет қашан сатыла бастайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Түркия мен Қазақстан астаналарының арасын жалғайтын бюджеттік рейске билеттер 23 мамырдан бастап сатылуы мүмкін. Рейс аптаның сейсенбі және сенбі күндері сағат 5.00 шамасында ұшады деп жоспарланған. Лоукостер таратқан ресми мәліметте билеттің бір бағыттағы құны 43560 теңге көлемінде болатыны да айтылған.

«2021 жылы Түркия FlyArystan желісіндегі алғашқы халықаралық бағыт болды. Екі жыл ішінде Стамбул қазақстандықтардың сүйікті бағытына айналды. Сол сияқты Анкара да туристер мен кәсіпкерлер үшін сұранысқа ие бағытқа айналады деп үміттенеміз. Компания астаналықтардан бөлек Алматы, Шымкент, Семей, Қызылорда, Ақтау және басқа да қалалардың тұрғындарына Түркия қолжетімді рейс ұсынуға дайын», - дейді деді маршруттық желіні жоспарлау жөніндегі директор Ренат Әбілханов.

Оның айтуына қарағанда, Flyarystan-ның халықаралық бағыттағы бірнеше рейсі қайта қалпына келеді.

«Әуе компаниясы флот ұлғайғандықтан 2023 жылдың басынан бастап Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқанд сияқты бірқатар халықаралық бағыттарды қалпына келтіріп, Алматы мен Астанадан Өскеменге ұшатын бағыт бойынша билет сатуды бастады», - деді ол.

Air Astana ұлттық тасымалдаушысының құрамындағы лоукостер 2023 жылдың аяғына дейін флот құрамын 19 ұшаққа жеткізбекші.

Бұған дейін Астана – Анкара арасында тікелей авиарейс ашылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар