«Манчестер Сити» 115 айыптың басым бөлігі бойынша кінәлі деп танылды
АСТАНА. KAZINFORM – Тәуелсіз комиссия «Манчестер Сити» футбол клубын Англия Премьер-лигасының қаржылық ережелерін бұзған 115 эпизодтың басым бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Шешім тыңдаулар басталғаннан кейін екі жыл он күн өткен соң шығарылды, деп хабарлайды BBC.
Үкімнің толық мәтіні әзірге жарияланған жоқ. Клуб басшылығына құжат құпиялылық талаптарымен берілді. «Манчестер Сити» іс бойынша процесс әлі жалғасып жатқанын мәлімдеп, шешімге шағым түсіруі мүмкін.
Енді комиссия клубқа қандай жаза қолданылатынын жеке анықтайды. Мүмкін санкциялар қатарында айыппұл салу, ұпай шегеру және төменгі дивизионға түсіру бар.
Клубқа тағылған айыптар 2023 жылғы ақпанда жарияланған. Олардың арасында пайда мен қаржылық тұрақтылық ережелерін бұзу, демеушілік кірістерді әдейі жоғары көрсету, ойыншылар мен жаттықтырушыларға төлемдерге қатысты талаптарды бұзу, сондай-ақ тергеумен ынтымақтастықтан бас тарту мәселелері бар. Кейбір айыптар УЕФА ережелеріне де қатысты.
Ұпай шегерілуі мүмкін
Жаза қазіргі немесе келесі маусымда ұпай шегеру түрінде қолданылуы ықтимал. Санкция бірнеше айдан кейін жариялануы мүмкін. Егер ол бірден күшіне енсе, Премьер-лигадағы қазіргі турнир кестесіне әсер етуі ықтимал.
Салыстыру үшін, «Эвертон» қаржылық ережелерді бұзғаны үшін бастапқыда 10 ұпайынан айырылып, апелляциядан кейін жаза алты ұпайға дейін қысқартылған. «Ноттингем Форест» төрт ұпайынан айырылды. Ал «Манчестер Ситиге» қатысты іс ауқымы әлдеқайда үлкен.
Премьер-лигадан шығарыла ма?
Комиссия теориялық тұрғыда «Манчестер Ситиді» Премьер-лигадан шығаратындай қатаң жаза тағайындай алады. Сондай-ақ ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Алайда соңғы істердің тәжірибесі қаржылық бұзушылықтар үшін ұпай шегеру жазасының жиі қолданылатынын көрсетеді.
Санкция анықталғаннан кейін клубтың апелляцияға жүгінуі күтіледі. Әдетте оған 14 күн беріледі, бірақ бұл іс ауқымды болғандықтан мерзім өзгеше болуы мүмкін.
Басқа клубтар өтемақы талап ете алады
Үкім басқа клубтардың «Манчестер Ситиге» қатысты қаржылық талап қоюына да әкелуі мүмкін. Премьер-лиганың бірқатар командалары ықтимал өтемақы мәселесі бойынша заңгерлермен кеңесіп жатыр.
Бұған дейін «Эвертон» қаржылық ережелерді бұзғаны үшін «Бернлиге» 35 млн фунт төлеуге міндеттелген. «Бернли» бұл бұзушылықтар оның Премьер-лигада қалу үшін күресіне әсер еткенін мәлімдеген.
«Манчестер Сити» жағдайында ықтимал талап қоюшылардың аясы бұдан да кең болуы мүмкін. Олардың қатарында чемпиондық үшін күрескен клубтармен бірге Чемпиондар лигасы мен басқа еурокубоктарға жолдама алуға таласқан немесе төменгі дивизионға түсіп қалмауға тырысқан командалар да болуы ықтимал.
Жаза қашан күшіне енеді?
Негізгі мәселе – санкцияның нақты қашан күшіне енетінінде. Егер шешім маусым соңына дейін созылса, чемпион мен төменгі дивизионға түсетін командалар анықталғаннан кейін де турнир кестесі өзгеруі мүмкін.
«Манчестер Ситидің» апелляция бойынша тәжірибесі де бар. 2020 жылы клуб УЕФА-ның Чемпиондар лигасына қатысуға салған екі жылдық тыйымын жойдырған еді. Алайда қазіргі іс бойынша Премьер-лиганың шешіміне Спорттық арбитраж сотына шағымдануға болмайды.
Айта кетейік, бұған дейін «Манчестер Сити» Энцо Фернандесті 146 млн еуроға сатып алғанын жаздық.