11:55, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
«Мандоки Қоңыр оқулары» аясында өтетін спорт жарыстарының бағдарламасына қазақша күрес енетін болды
АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Мандоки Қоңыр оқулары» аясында таэквондадан республикалық турнир өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Халықаралық түркітану орталығының төрағасы Ерден Қажыбектің айтуынша, мажарстандық түрколог Мандоки Қоңыр Иштванның туғанына 65 жыл толуына орай еске алу мақсатында ұйымдастырылған бұл жарыс алдағы жылдан бастап халықаралық деңгейде дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Сондай-ақ бұл бағдарламаға келесі жылдан бастап қазақша күрес те енгізілмек. Таэквондадан 7-і мен 17-і жас аралығындағы спортшылар арасында өткен республикалық турнирге биыл Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 19 команда қатысты. Тартысты өткен сайыста командалық есепте Алматыдағы Қоңыр атындағы №154 мектептің командасы үздік шықты. Онда Динара Әшірбекова, Даяна Киікова, Гүлім Тұрсынбаева, Мөлдір Мұхаммед сияқты қыздар өз салмақ дәрежелерінде топ жарса, ерлер арасында Ерлан Мұрабек, Нұрлан Мұратбеков, Мирас Қалдыби өз салмақтарында екінші орындарды еншіледі.