Мәнерлеп сырғанау бойынша Сочидегі Олимпиада жүлдегерлері Мәскеудегі концертте өнер көрсетеді
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Мәнерлеп сырғанау бойынша Сочидегі Олимпиада жүлдегерлері 24 ақпанда Мәскеуде өтетін гала-концертте өнер көрсетеді.
Бұл туралы Ресейдің Конькимен мәнерлеп сырғанау федерациясының ресми сайтында хабарланды. Концерт Ресейдің конькимен мәнерлеп сырғанаудан олимпиада құрамасының кездесуі мен жарыс алауын Сочидегі Паралимпиада ойындарының қатысушыларына тапсыруына орайластырылмақ. Жобаның көркемдік жетекшісі - атақты ресейлік бапкер Татьяна Тарасова. Концертке қатысатындардың есімі әзірге жарияланған жоқ. Алайда кейбір спортшылардың есімдері белгілі болды. Ол итальяндық Каролина Костнер, АҚШ өкілдері Мерил Дэвис/Чарли Уайт және Наоми Ланг/Петр Чернышев, сондай-ақ Канададан ат терлетіп келген Тесса Вирту/Скотт Мойр бишілер жұбы мен ресейлік Екатерина Гордеева.
Билеттерді сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі Ресей Паралимпиада комитетінің қорына беріледі.
Концерт "Лужники" шағын спорт аренасында өтеді.