Мәнерлеп сырғанау: Денис Тен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Қазақстандық Денис Тен кеше қысқа бағдарламадан кейін 85,89 балмен үшінші орында тұрса, бүгін де сол сатыдан төмен түскен жоқ. Еркін бағдарламадан 181,83 балл жинаған Денис қорытындыда оны 267,72-ге жеткізді, сөйтіп әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Өткен жылғы әлем чемпионы және Сочи олимпиадасының жеңімпазы, жапондық Юдзуру Ханю бұл жолы 271,08 балмен күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал алтын медальді испандық Хавьер Фернандес (273,90 балл) қанжығасына байлады. Бұған дейін әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері атанған ол Испанияға тұңғыш рет алтын медальді сыйлады.
Айта кетейік, Денис Тен осыған дейін 2013 жылы әлем чемпионатының күміс, 2014 жылы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері атанса, биыл төрт құрлық жарысын ұтқан еді.