Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан спортшысы Денис Тен 7-Қысқы Азия ойындарының чемпионы болды
Жарыстар бүгін кешқұрым Астанадағы Республикалық велотректе өтті. Ақ Азиаданың медальдары үшін бақ таластырған 14 спортшы өнер көрсетулерін кеше, 4 ақпан күні қысқа бағдарламадан бастаған болатын.
Жерлесіміз Д.Тен кеше де үздік өнер көрсетіп, турнирлік кестенің бірінші орнына орналасқан еді. 17 жастағы жас спортшымыз бүгін күрделі элемент жасау барысында құлап қалып, жалпы ұпайынан 1,00 балл жоғалтқанымен, техникасы үшін - 64,23, шеберлігі үшін - 69,44 ұпай жинап (барлығы 208,89 ұпай) алтын медаль иегері атанды.
Техникасы үшін төрешілерден - 71,66, шеберлігі үшін - 67,44, ұпай жинап, отандасымыздан 2,01 ұпай артта қалған жапондық Мура Такахито күміс медальды иеленді.
Екі күнгі жарыс нәтижесі бойынша 201,10 ұпай (техникасына - 70,72, щеберлігіне - 63,84 ұпай) еншілеген қытайлық Сон Нан «қолаға» ие болды.
Жарыс алаңына шыққан екінші қазақстандық спортшы 18 жастағы Абзал Рақымғалиев бәсекенің бірінші күнінде кестенің алтыншы орнына орналасқан болса, бүгін ол төрешілерден техникасы үшін - 57,82, шеберлігі үшін - 57,56 ұпай, екі күннің жалпы нәтижесі бойынша 170,81 ұпай алып, жетінші орынды місе тұтты.
Айта кетейік, ертең 5 ақпан күні аталмыш спорт нысанында мәнерлеп сырғанаудан медальдардың үш жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда - әйелдер арасындағы еркін бағдарлама, жұппен еркін бағдарлама және жұппен еркін би.