Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева қатысатын жарыс тікелей эфирден көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazsport» телеарнасы Ресейдің Мәскеу қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының үшінші кезеңі - «Rostelecom Cup 2016» жарысын тікелей эфирде көрсетеді.

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева қатысатын жарыс тікелей эфирден көрсетіледі

Аталған халықаралық жарысқа қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева қатысуды жоспарлауда. Оның өнерін көрермендер «Kazsport» телеарнасында 4 қараша күні сағат 23:25-те және 5 қарашада сағат 22:35-те тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан» телеарнасының  Стратегиялық маркетинг департаментіне сілтеме жасап.

Еске салар болсақ, Элизабет былтыр «Skate America-2015» турнирінде - төртінші, «Skate Canada - 2015» бәсекесінде жетінші орынға ие болған еді. Сонымен қатар, Тұрсынбаева ағымдағы жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың қола жүлдегері.

«Rostelecom Cup 2016» турнирі - бұл 2016-2017 маусымның мәнерлеп сырғанау бойынша ISU Гран-придің үшінші кезеңі. Турнир ұйымдастырушысы - ISU қолдауымен Ресейдің мәнерлеп сырғанау федерациясы. Жарыс ерлер мен әйелдердің жекелей сырғанауы, жұппен сырғанау және мұзда билеу категориялары бойынша өтеді.