«Мәңгі ел» журналы әлемнің 25 еліне таралады - Е. Сыдықов
АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Жақында ғана жарыққа шыққан «Мәңгі ел» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы әлемнің 25 еліне таралады. Бұл жөнінде бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшесі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті.
Бұған дейінгі ведомствоаралық комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарих мәселелерін қамтитын бұқаралық ғылыми-көпшілік журнал шығаруды жүктелген болатын. Оның алғашқы саны да жұртшылықтың қолына тиді.
«Біздің алға қойған басты мақсатымыз - тарихи сананы бұқараға барынша кеңірек тарату. Осы тұрғыдан алғанда, ел руханиятындағы орны оқшау, парасат-пайымы дара азаматтар редакция алқасына кірген халықаралық мәртебесі бар тарихи журналдың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көруі елдік пен тарихымызды әлемге танытудың бір жолы деп білеміз. Оның аудиториясы өз оқырмандарымыз бен шектелмей алыс және шетелдердің көзіқарақты қауымын қамтиды. Яғни, қазақ тарихына қызығатын планетаның кез келген адамының игіліне айналады», - деді журналдың бас редакторы, Ерлан Сыдықов. Оның айтуынша, журналдың қазіргі таралымы 3 мың дананы құрап отыр. Ал авторлар ауқымындай шектеу жоқ.
«Басты мақсатымыздың бірі - қазақтың кең дәстүрін, тарихы мен мәдениетін осы «Мәңгі ел» журналы арқылы ағылшын тілді оқырман қауымға жеткізсек. Соған орай, қазіргі таралым әлемнің 25 еліне бағытталса, ары қарай таралу ауқымы да арта түседі деп ойлаймыз. Яғни, біз ағылшын тілді оқырманға қазақтың тарихынан қызықты фактілер мен деректерді жеткізетін боламыз», - деді Е. Сыдықов.