«Мәңгілік Аспан астында» атты 10 сериялы деректі фильмнің тұсаукесері өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік Аспан астында» атты 10 сериялы ғылыми-танымдық деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен «Мерген» студиясы түсірді. Бұл бірегей жоба Н. Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы негізінде Қазақ хандығының мерейтойына арнайы даярланды. «Мәңгілік Аспан астында» фильмінде елдің басты тарихи оқиғалары барынша қамтылған.
«Бүгінгі осы таныстырылым ерекше екенін барлығымыз сезініп отырмыз. Себебі, бұл деректі фильмнің тұсаукесері ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Осы орайда бұл туындыны шығарған Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен фильмнің режиссері Бақыт Қайырбековке үлкен алғысымды айтқым келеді»,-деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Атап айтқанда, фильмнің әр сериалы өз алдына туынды болып табылады, яғни онда көшпелі халықтардың ежелгі заманнан бергі дүниетанымы жайлы, әлемдік өркениет , ұлы жетістіктер мен жаңалықтар, сондай-ақ өзге де құндылықтар көпшілік назарына ұсынылып отыр.