«Мәңгілік дағдарыс болмайды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 31 қазан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

Қазіргі әлемде қалыптасқан геосаяси ахуал ешкімді бей-жай қалдырмақ емес. Жер шарының кейбір аймақтарында орын алып отырған шиеленістерге жекелеген ірі мемлекеттермен қоса, одақтардың да белсенді араласуы әлемдік геосаяси аренада өзара текетіреске де соқтыруда. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті қазіргі әлемдегі жағдайлар мен елімізге қатысты бірер сұрақпен белгілі саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Камал Бұрқановқа жолыққан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген депутат: «Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етті. Олар біздің тауарларымызды тұтынып келе жатқан экономикалық әріптестеріміз ғой. Соғыс қимылдары жүріп жатқан елдерге шикізат немесе тауар жеткізу мүмкін болмағандықтан, біз амалсыз кейбір өндірісімізді тоқтата тұруымызға немесе көлемін қысқартуымызға тура келеді. Сол сияқты Ресей де біздің басты экономикалық әріптесіміз. Елбасы белгілеп берген көпвекторлы саясатымыздың басымдық берілген елдерінің ішінде ең бірінші орында Ресей тұр. Сондықтан, экономикалық санкцияның жақсы және жаман жағы да бар екенін атап көрсеткен жөн», - дейді. Сұхбат «Мәңгілік дағдарыс болмайды» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның сенбілік санында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудағы жүйелі әрекеттер» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарық көрді. «Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мемлекеттің одан әрі табысты дамуы үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері қоғамның мүддесіне зардабын тигізіп және мемлекеттің экономикалық өсуіне орасан кедергі келтіреді. Сондықтан да біздің еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде халықаралық тәжірибелерге сүйеніп әртүрлі шаралар мен модельдерді үйлестіріп отырады», - деп жазады мақала авторы. Оның атап өтуінше, мемлекеттік қызметті реформалаудың жаңа кезеңі мансаптық жолға ауысуды және мемлекеттік аппаратқа кадрларды іріктеу мен жылжыту үдерістерін кешенді өзгертуді қалайды. Сонымен қатар жаңа тетіктер меритократия қағидаларын күшейтуге, мемлекеттік қызметте есеп беру мен сыбайлас жемқорлықтан тыс басқару аппаратын құруға бағытталған. «Мемлекеттік және жеке сектордағы жемқорлықты бағалау үшін алғаш рет сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау ұғымы енгізілуде. Ол мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары және субъектілеріне қатысты жүзеге асырылатын болады. Мұндай талдаулар орталық пен аймақтық деңгейде қазірдің өзінде жүргізілуде, ал осы бағыттағы агенттіктің өкілеттілігін заңды тұрғыдан бекіту олардың тиімділігін әлдеқайда арттыратын болады», - деп жазады А.Шпекбаев.

***

«Басына қауіп төнген көп жағдайларда өздерін қорғай алмайтын кәмелетке жетпегендерге қатысты жасалған қылмыстарды қадағалау органдары әрқашан жіті назарында ұстайды. Бұл маңызды мәселе жаңа Қылмыстық кодексті жасағанда ескерілді. Енді кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар ауыр қылмыстар санатына жатқызылды, соған байланысты қатаң жауапкершілікке, қылмыстық жазаға тартылады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Жасөспірімдерді жәбірлегендерге қатаң жаза қолданылуы тиіс» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Қылмыстық кодекстің баптары бойынша, әйел зорлағандар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болса, кәмелетке толмағандарға қатысты осындай әрекет үшін 10-15 жылға кесіледі, ал енді жас балаларға қатысты болса, 15 жылдан өмір бойы түрмеде отыратын болады. Сонымен қатар Қылмыстық кодекске сәйкес, жас балаларға қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтың өзі, тіпті ол санаттық белгілері ретінде көрсетілмесе де, ауыр жағдайдағы жауапкершілік болып табылады.

Осы басылымның жазуынша, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына «Қырымның қырық батырын» жырлаған Қарасай Қалыұлының қалақбас домбырасын бесінші ұрпағы Бекболат Баймұханов сыйға тапсырған. Осылайша, Қ.Қалыұлының домбырасы мұражай төрінде арнайы жасақталған көрмеге қойылып, өмірбаяны мен шығармашылығы туралы деректер жазылды. Бір ғасырлық тарихы бар домбыраға тиек орнатып, қос ішегін тағып, құлақтарын қайта қалпына келтірген сәулетші, шебер Ермұхан Әлиев. Бақтыбай Жайлаудың айтуынша, Қарасай Қалыұлы 1860-1930 жылдары өмір сүрген ақын, жырау, жыршы, күйші, композитор. Маңғыстау аймағының Сам құмында дүниеге келген. «Қарасай Қалыұлы Қазтуған, Доспанбет, Сыпыра жыраулардың тамаша туындыларын халыққа жеткізген, солардың дәстүрімен «Қырымның қырық батыры» дастандарын отыз күн бойы таңнан-таңға жырлаған. «Қарасай болмақ қайда бар?» деген сөз содан қалған. Қарақалпақ аймағы қазақтарынан шыққан ақын, жырау, жыршылары репертуарында «Адай Қарасайдың күйі», «Қарасайдың терме жолы», «Қарасайдың жыр жолы» бар». Биыл Қарасай Қалыұлының туғанына 155 жыл, дүниеден өткеніне 85 жыл толуына орай қолға алынған бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, шығармалары жинақталады. Өйткені бұл мәңгілік елдің мәңгілік мұрасы, дейді Б.Жайлау. Бұл мақала «Ғасырлық тарихы бар домбыра атажұртқа оралды» деген тақырыпппен берілген.

***

«Экономистер шағын бизнестің ең табысты бес саласын атады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, бірінші жартыжылдықта ірі және орта бизнес 40 пайыз табыстарынан қағылса, шағын кәсіпорындар өткен жылғы табыс деңгейін сақтап қалған. Демек, шағын бизнес дағдарыс кезінде ірі бизнеске қарағанда тиімді жұмыс істей алатынын көрсетіп отыр. Ranking.kz сарапшылары ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларындағы табыс деңгейін анықтаған. Соған сәйкес, Қазақстанның шағын бизнесіндегі ең табысты 5 саланы атаған. Нәтижесінде бірінші жартыжылдықта еліміздің шғын кәсіпорындары өткен жылғы деңгейін сақтап, 435 млрд. теңге кіріс алса, ірі және орта кәсіпорындар табысы 40 пайызға немесе 1,2 трлн. теңгеге кеміген.

Соңғы жаңалықтар