«Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін нығайтуға бағытталған заң жобасы Сенаттың отырысына шығарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Аталған құжат Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталады. Осыған орай, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық және этносаралық қатынастар саласында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру ұсынылған.
Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық рөлін күшейтетін, қазақстандықтардың қоғамдық келісімі мен ұлттық бірлігін нығайту үшін жағдайлар жасайтын, «Мәңгілік Ел» біріккен жалпыұлттық патриоттық идеялар негізінде бүкіл қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін өзгерістер енгізілген.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясында ел Президенті «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы базасында қазақстандықтарды азаматтық теңдік, еңбек сүйгіштік, әділдік, ғылымдылық культі және білім сынды құндылықтар төңірегіне топтастыруды айқындады. Мемлекет басшысының 5 институтты реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Бірдейлік және бірлік» атты 4-ші бағыты жалпықазақстандық бірдейлікті, қоғам бірлігін, «Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін нығайтуды көздейді. Аталған міндеттерді шешу мақсатында біздер қолданыстағы заңнаманы қоғамдық-саяси тұрақтылық саласын жетілдіруді ұсынамыз», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов.
Оның атап өтуінше, ұсынылып отырған түзетулер «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның таптарына «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясымен байланысты бірқатар норманы қосуды қамтиды. Мәселен, Заңның «Ассамблеясы мақсаты» атты бабы мынадай редакцияда жазылады: «Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени орталығы ретінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен біріктірілген қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімі қамтамасыз ету болып табылады».
Талқылаудан соң комитет мүшелері заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.