«Мәңгілік Ел» - мәңгілік тәуелсіздік баламасы
Ал ең бастысы - еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. «Мәңгілік ел» идеясы - елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Бұл идея көпшілік тарапынан бірден қолдау тапты.
Шынында, қай ел, қай халық болмасын жер бетінде мәңгі жасауға ұмтылады. Еуразияның ортасында ұлан-байтақ жері бар, миллиондаған адам сөйлейтін тілі бар, қасиетті діні бар халқымызға соңғы 2,5 ғасырда жетпегені - Тәуелсіздік еді. Алайда, ғаламдық жаһандану дәуірінде алыстағы алпауыт мемлекеттердің әсері күшейе түсуде. Оны әлемде соңғы кездерде болып жатқан оқиғалар мен процестер айғақтауда.
Сондықтан Мәңгілік Ел сөзі - Мәңгілік тәуелсіздік ұғымымен астасады.
«Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындады. Қазақстан әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруді мақсат етіп қойды. 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті, табысы күнкөрісі деңгейінен төмен азаматтардың саны жеті есе азайды, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды.
«Қазақ елі», «Мәңгілік ел» деген атаулар бір-бірімен мазмұндас, бір елдің тағдырына байланысты ойларды жинақтап көрсететін ұғымдар. Саяси, әлеуметтік, ұлттық сана қалыптасты. Осы негізде елдің жері мен суы, табиғи байлығы, тілі мен діні бір бағытта дамып, Тәуелсіз Қазақстанды жаңа табыстарға жетеледі. Бұлар ұлттық мемлекет құру мен қалыптастыру жолында айрықша маңызды рөл атқарды.
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің негізгі заңының мәтінін қарап - Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдады. Жаңа Конституцияның ерекшелігі - оның Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастықтың ажырамас бөлігі деп жариялауы еді. Осылайша, Қазақстан халықаралық нормалар мен демократиялық және құқықтық мемлекет құруға бағыт алғанын барша әлемге жария ету арқылы «Мәңгілік Ел» болуға негіз қалады.
«Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бай қуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея, ол қалыптасқан мемлекетің - «Мәңгілік Ел» идеясы.
Бір сөзбен айтқанда, «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық идея ретінде қабылдау бүгінгі Қазақстан дамуының ішкі қажеттігінен, мемлекеттің тұтастығын сақтау идеясынан туындап отырғаны сөзсіз. Бұл идея тәуелсіз мемлекет алдында тұрған басты сұраққа жауап беріп, ұлттың болашақтағы дамуына жағымды әсер етуі тиіс. Сонымен бірге, ұлттық идея алдыңғы қатарлы құрылып жатқан зерттеу университеттердің даму жоспарларының негізгі бағыттарының бірі болуы керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсатынан шығатын және соған толық жауап беретін идея.