«Мәңгілік ел» тарихқа арқа сүйейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы халықтың діңгегі берік тарихи санасына арқа сүйейді және бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған идея,- деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

«Мәңгілік ел» тарихқа арқа сүйейді

9 қазанда Ұлттық мұрағат ұйымдастырған «Қазақ хандығына 550 жыл» атты көрмеде сөйлеген сөзінде. Ол ғылыми және тарихи құндылықтарға ие мұрағаттық құжаттар мен материалдарды сақтау, зерделеу және насихаттау бағытындағы жұмыстарды тереңдету айрықша маңызды екеніне тоқталды. -Себебі мұрағат құжаттары ел тарихынан сыр шертеді. Бұл - дәуірдің шежіресі, мемлекет пен қоғам өмірінің айнасы, біздің жерімізде өмір сүріп, еңбек еткен адамдардың жеке тағдырының деректі куәсі. Мұрағаттық құжаттар - жаңа жеңістер мен ақталатын үміттер үшін сарқылмас күш-қуат беретін қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі,- деді Мемлекеттік хатшы.

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты арнайы ұйымдастырған «Қазақ хандығына 550 жыл» атты деректі көрмеге келушілерге Ұлттық мұрағаттың қорында сақтаулы тұрған құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында Өзбекстан, Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Мысыр, Иран, Венгрия, Грекия, Польша, Испания сияқты елдердің мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен табылған Қазақ хандығының тарихына қатысты құжаттар, еліміздің белгілі қоғам қайраткерлерінің жеке қорлары ұсынылды.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ, тарихи құжаттардың сақталу жағдайымен танысты. Орталық коммуникациялар қызметі таратқан баспасөз парақшасында жазылғандай, бүгінгі таңда Ұлттық мұрағаттың мұрағат қорында 2007 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде қабылданған 220 772 бірлік құжаттар сақтаулы тұр. Бұдан әрі Г. Әбдіқалықоваға Археография және деректану ұлттық орталығындағы «Электрондық каталог» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі көрсетілді. Бұл жүйеде әлемдегі 26 елдің 11 мұрағаты мен кітапханаларынан жиналған 46 мыңнан астам құжаттар мен қолжазбалар тізбесі бар.

Ұлттық мұрағат пен Археография және деректану орталығының ұжымымен кездескен Г. Әбдіқалықова отандық мұрағат ісін дамытудағы бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың бірі - мұрағаттық саланың ақпараттандыру мәселесіндегі артта қалушылығы. «Қазіргі кезде мемлекеттік мұрағаттардың барлығы құжаттар мен мәліметтер базасын электрондық үлгімен сақтамайды. Олардың көпшілігінде осыған қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Мұның өзі халыққа сапалы және толыққанды қызмет көрсетуге жағымсыз әсер етеді. Бұл орайда Ұлттық мұрағатты басқаларға үлгі етуге болады. Өйткені мұнда жаңа технологиялар қолданысқа енгізілген. Бірақ сіздер облыстық мұрағаттарда да еліміздің тарихына қатысты аса құнды деректер, құжаттар бар екенін естен шығармаңыздар»,- деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы.