«Мәңгілік ел»: Тұңғыш елордалық «Міндет, Абырой, Ерлік!» әскери-патриоттық форумы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Міндет, Абырой, Ерлік!» деп аталатын алғашқы елордалық әскери патриоттық форум болып өтті. Форумды «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Мәңгілік ел»: Тұңғыш елордалық «Міндет, Абырой, Ерлік!» әскери-патриоттық форумы өтті

Жиынға ҚР Қарулы Күштері мерзімді қызметтің әскери қызметшілері, 10-11 сыныптардың оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысты.

«Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз уақыт тезіне бағынып, Қазақстандық патриотизм ұлттың рухани өзегі, прогрессивті қоғамның қалпы екенін терең түсінуіміз керек. Жастар - болашақ Қазақстанның бастаушы күші, аға ұрпақтың лайықты ізбасары. Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Мәңгілік ел» - бұл біздің жалпықазақстандық үйіміздің ұлттық идеясы, ата-бабамыздың арманы», - деді ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары полковник М.Таласов.

ҚР Қорғаныс министрлігінен форумға қатысушылар үшін 68665 әскери бөлімі құрметті қарауыл ротасының саптық іс-қимылдарының әдіс-тәсілдерін көрсетіп, атыс қарулары мен әскери киім-кешек көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ министрліктің Орталық әскери оркестрі де көпшілік назарына өз өнерлерін ұсынды.

Форум қорытындысы бойынша жастарды әскери-патриоттық және Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге ауқымды үлес қосып келе жатқан алғашқы әскери даярлық пәнінің оқытушылары ҚР Қорғаныс министрлігінің грамоталарымен марапатталды.