Мәңгілік елдің алтын адамы...

«Тазарғың келсе театрға кел!» Осы іспеттес сөздерді еш қиналмастан, санаға салмақ салмастан жаза да, айта да беруге болады. Бірақ адам табиғатын түсініп, кейіпкер жанына үңіліп, қоғамдағы проблемаларды «қолмен ұстағың» келген кезде театрға, арман-аңсар, қиял әлеміне асығатынымыз ақиқат...
Жуырда Астанада ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Мәңгілік елдің алтын адамы» спектаклі сахналанды. Спектакльды қойған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссеры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов, суретші - Қайыр Оразғалиев, сазбен көркемдеуші - Ержан Қажымов, балетмейстері - Елена Есендосова, режиссердің ассистенті - Самал Абуов. Бұл қойылымды Астанаға Батыс Қазақстан облысының қазақ драма театры алып келген болатын.
Осы орайда театр директоры Қуаныш Амандықов: «Аталмыш спектакль Оралда алты рет сахналанған еді. Бүгін жетінші рет Астана жұртшылығынан назарына ұсынылып отыр. Қазақ үшін жеті санының орны ерекше екенін белгілі. Бұған қоса, жақында Атырау өңірінде алтын адам табылды. Автор бұл шығарманы біраз жыл бұрын жазған болатын. Халықты ауызбіршілікке шақыратын шығарманы сахналаудың сәті енді туды!..» - деп ой бөлісті.
Спектакльге келген жұрт Орал қаласының қолөнер, қылқалам шеберлерінің жұмысымен танысты. Иін тірескен жұрт. Іс-қимылынан асығыстық байқалмайды. Сондықтан болар қойылым сәл кешігіп басталды. Алдыңғы қатарға жайғасқан қаламгерлер, артистер, режиссерлер шымылдықтың ашылғанын күтіп отырды. Шымылдық ашылды. Ду қол шапалақ!
Драмалық дастан болғандықтан көпшілік сахнадағы актерларды қосқанда қырыққа жуық кейіпкер болды. Сюжетті сыдыртып айтып шығу мақсат емес шығар?!. Біз қойылымның негізгі тұстарына тоқталуды жөн санадық.
Спектакль көрерменін бірден оқиға ортасына елітіп алып кетті. Ұзақ баяндау, түсіндірме, демагогиялық сипаттан ада қойылым ішкі қайшылығымен, ішкі динамикасымен, психологизмімен қызықтырды. Сахнадағы алғашқы диалог үлкен оқиғаның болатынынан хабар бергендей болды. Дегенменде негізгі конфликтың туындауына Арғынбайдың өлімі себеп болады. Қара халық қақ жарылады. Сол кездегі режиссердің сахнадағы шешімін айта кеткен дұрыс болар. Ұзын арқанды ұстаған сардарлар сахнаның фонында тұрды. Сахнадан еміс-еміс естіліп тұрған: «Өй» деген дауыс ішкі қарсылықты, ішкі ашу-ызаны білдіретіндей. Режиссердың бір қарағанда осындай бір елеусіз дүниелерге мән беруі - детализациялауға деген ұстанымын аңғартады.
Қойылымның аты - «Мәңгілік елдің алтын адамы» болғандықтан көрермен басты рөлді еркек ойнайды деп күтсе керек. Бірақ... Бірақ басты рөл - әйелдікі екені бізді де таңғалдырды. Қазына (Нұрлыгүл Жұбатова) - ұстамды, әділ, мейірімді, данышпан, көреген, шешен. Орталық кейіпкер Қазынаның сахнадағы әр сөзі, әр қимылы көрермен назарында болды. Арғынбай қазасы, артында қалған ұл мен қыз, екіге бөлінген халық, ағайын арасындағы алауыздық әйел баласына, анаға ауыр тигені анық. Бірақ негізгі шешім Қазынада! Не істемек керек? Ашуға ерік беріп, кек кернеген сардарлар қылышқа жармасып, бір-бірін турап тастауға дайын тұр. Қантөгіс бола ма? Әлде туған-туыс, ел-жұрт татуласа ма? Драматург Иранбек Оразбаевтың негізгі идеясы осында жатқан секілді. Халықты татулыққа, бірлікке, ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыру. Алтын Адамның - Қазынаның сөзі қозғау салып, батырлар аяғына жығылып: «Алтын десе алтын екенсіз!» - дейді. Шығарманың лейтмотивы осы!
Конфликтың бір көтеріліп, бір басылып отыруы драма динамикасына елеулі әсерін тигізді. Үміт пен күдік, өлім мен өмір, махаббат пен ғадауат, кетісу мен кешіру арасындағы қиын әрі нәзік тұстарды актер үшін ойнау оңайға соқпайды. Себебі, бір мінезді екінші мінездің басуы, эмоциялық өзгерістер артист ойынына өң бере отыра, оны өзгеше қырынан ашуға мүмкіндік береді. Бақаның (Думан Омаров) негізгі линиясы - айтқанынан қайтпау, тікмінездік. Сәл бір ауытқудың өзі рөлге нұқсан келтіріп, көркемдігіне селкеу түсірер еді. Алайда, Бақа қайтпас қайсар мінезімен басқа образдардың ашыла түсуіне мүмкіндік жасады. Оқиғаның дамуына, өрбуіне өзіндік септігін тигізген екінші пландағы кейіпкерлер өз міндетін ойдағыдай атқарды. Кейде режиссердың берген тапсырмасын асыра орындау, өңге образдардың орбитасына, әлеміне ену үшін де батылдықпен қатар актердың даралығын, жеке «менін» қажет етеді. Қойылым барысында осындай бір ұмтылысты Құлқа (Ринат Сабырғалиев) мен Қитардан (Салауат Түменов) көргендей болдық. Питер Брук «Бос кеңістік» атты кітабында: «Артиске толыққанды образ шығару үшін тым философияға да барудың қажеті жоқ. Ең бастысы - өзін-өзі табуы...» - деген болатын. Әлемге әйгілі режиссер не айтқысы келді? Актер үшін сахнадағы миссиясын, мақсатын, рөлін білу, оброзға толық ену («перевоплощение») маңыздының маңыздысы шығар. Исан Қожа (Теміржан Матаев), Қожеке (Жылқыбай Жұбатов), Шобдар (Аслан Сәрсенбиев), Пірәлі (Ербол Есендосов) сияқты кейіпкерлер антогонизмге толы. Драманың қозғаушы күші - кек алу болғандықтан, персонаждардың ойыны да қайшылыққа толы болуы керек. Осы бір аралықта фальш пен пафосқа ұрынып қалудың да қаупы бар-тын. Өйткені, артис әр сөзі, әр қимылы қайшылық-қақтығысқа құрылғанын көрсетуі қажет екенін түсінесіз. Осы тұрғыда, артистер сахнадағы міндетін абыроймен атқарып шықты деуге негіз бар. Поэтикалық драманы қозғалыс үстінде айту қиындау. Себебі, үзік-үзік өлеңге құрылған диалогтарды соңғы қатарда отырған көрермен еститіндей етіп айту да оңай нәрсе емес. Бұл - дикция мен тәжірибені қажет ететіні анық. Төс (Данияр Кубашев) пен Кеншім батырды (Манас Кенжетаев) ойнаған артистер даусының тембрі, үнімен көрермен көңіліне жол тапты дегім келеді. Образдың ашу-ызасын көрсететін эпизодтарда кейбір сөздерді анық естімей қалғанымызда шындық. Бірақ оны Астана жұртшылығының алдында ойнағандағы бір қобалжу деп түсіндік.
Қойылым режиссеры Мұрат Ахманов қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын ұтымды көрсетті. «Конгресс-холлда» отырған жастар ұялы телефондарына түсіре бастады. Әсіресе сахнада еңіреп-боздаған қыздардың шашы кесілген тұс әйелдер қауымына ерекше әсер етті ғой деймін. Артымда отырған тәтеміз боқтық сөз айтайын деп барып басылды. Қайтадан орнына отыра кетті. Айналасына бажайлап бір қарап алды да театрда екенін ұғынды ғой деймін. Бәрінен іштей кешірім сұрағандай болды. Жанындағы құрбысына сыбырлап, бір нәрсе айтып жатты. Әлгі әйелдің сөзінен түсініп, түйгенім - салт-дәстүрді оқып шығу керек екен... Кезінде Ленин: «Театр - тәрбие құралы» деген еді... Егер қазақ театры қоғамға оң әсерін тигізіп, қазақтың байырғы жол-жоралғыларына деген ынта-ықыласын оятып жатса, оның несі айып?!.
Қойылымда көлеңкелі көріністер мен кәдуілгі сахнаның алмасып отыруы салыстырмалы түрде қазақ театрындағы жаңалық болды деуге келер. Алғашқы көлеңкелі көріністі Ахманов «Естайдың Қорланында» пайдаланған болатын. Бұл дарынды жас режиссер Мейрам Хабибуллинның қазақ сахнасына қосқан үлесі, өзіндік бір жаңалығы.
Спектакль аяқталған соң Қазына рөлін сомдаған Нұрлыгүл Жұбатовамен тілдесуге асықтық. «Набиске» шыққанда жанары жасқа тұнып, әлі де оброздан шыға алмай тұрғаны көрер көзге байқалып тұрды. «Өз рөліңіз туралы айтып берсеңіз?!» деген сұрағымызға: «Қазына - бірлік, ынтымақ, татулықтың символы. Қазақ сахнасында Ананы ойнау, қазақ әйелінің оброзын сомдау мен үшін оңай болған жоқ. Рөлім - жауапкершілікті, ішкі дайындықты қажет етті. Қуаныштымын!..» деп жауап берді.
«Мәңгілік елдің Алтын Адамы» - халықты татулық, бірлік, ынтымаққа шақыратын символикалық қойылым.
Әлібек БАЙБОЛ