Маңғыстау атом электр комбинатының бір реакторы пайдаланудан шығарылмақ

Маңғыстау облысы
Фото: maek.kz

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) БН-350 реакторын толықтай пайдаланудан шығару мәселесі бойынша үшжақты кездесу өтті.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен үшжақты кездесуге Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты өкілдері, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) пайдаланудан шығару және қоршаған ортаны қалпына келтіру секциясының жетекшісі Владимир Микаил, Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) ядролық қауіпсіздік департаменті директорының көмекшісі Стивен Уайт қатысты.

маэк
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

 

Бұл жолы БН-350 реакторын толықтай пайдаланудан шығаруға қатысты маңызды мәселелер қаралып отыр. Жиында сарапшылар осы тақырып бойынша өзара тәжірибе және ақпараттарымен бөлісті.

Мүдделі тараптар бұл кездесуде БН-350 реакторын толықтай пайдаланудан шығару процесін сәтті жүзеге асыруды тиімді үйлестіруге ықпал ететінін алға тартты.

Владимир Микаил ядролық объектілерді пайдаланудан шығару және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы МАГАТЭ қызметі туралы айтты. Ал Стивен Уайт Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) ядролық нысандарды пайдаланудан шығару жобаларын халықаралық қолдауы туралы баяндады.

Сарапшылар реактор қондырғысымен танысып, БН-350 реакторын толықтай пайдаланудан шығару мәселелері бойынша өз көзқарастарын ұсынатынын жеткізді. Олар қондырғының қазіргі жағдайын зерттеп, ықтимал тәуекелдер мен мәселелерді анықтаған соң, реакторды пайдалану кезеңін қауіпсіз және тиімді аяқтау бойынша ұсыныстар мен шаралар ұсынуға ниет танытып отыр.

Айта кетейік, бұл мәселе өткен жылдың қыркүйек айында Венада өткен МАГАТЭ Бас конференциясының 67-ші сессиясы аясында ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің кездесулері барысында да талқыланған еді.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ру БН-350-ді толықтай пайдаланудан шығару өңірдің қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығына ықпал ететінін атап, барлық мүдделі тараптарды осы жобаны іске асыруға бағытталған сұрақтарды талқылауға және шешім қабылдауға белсенді қатысуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар