Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының алдағы төрт жылға жоспары нақтыланды
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатын жаңғырту бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында алдағы 4 жылда атқарылатын шаралар нақтыланды. Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Жұмыс тобының отырысына Маңғыстау облысы Энергетика және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдеш Түрікменбаев төрағалық етті. Кеңеске комбинат басшылығы, «МАЭК» ЖШС құрылымдық бөлімшелері мен департаменттерінің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және облыстың белсенді азаматтары қатысты.
«Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 2023 жылға арналған жөндеу науқанына 6,8 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оған турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарға және қосалқы жабдыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Жергілікті бюджеттен электр станцияларының, су тұшыту қондырғыларының және жылу алмасу түтіктерінің тозған жабдықтарын ауыстыруға 2,6 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді, соның есебінен су тұшыту қондырғыларының өнімділігі тәулігіне 5000 м3 дейін ұлғаюы тиіс», - делінген баспасөз мәліметінде.
Сондай-ақ республикалық резервтен жабдықтар мен жиынтық жабдықтарды сатып алуға 4,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.
Ал жылу электр станциясы жабдығының едәуір тозуына байланысты 2024 жылы №3 энергоблокты ішінара жаңғыртып күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ 2025 жылы №2 энергоблокты, 2026 жылы №1 энергоблокты толық жаңғыртумен күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Оған қоса 2027 жылы жылу электр станциясының бас корпусындағы аяқталмаған құрылыс орнында қуаты 230 МВт №4 энергоблок салу жоспарланып отыр.
Кеңес барысында жылу маусымына дайындық мәселесі де талқыланды.
Естеріңізге сала кетсек, шілдеде қазандыққа беріліп тұрған тоқ деңгейінің күрт өсуіне байланысты «МАЭК» ЖШС ЖЭС №1 энергоблогы мәжбүрлі түрде тоқтатылған еді.
Жөндеу жұмыстары жедел жасалып, энергоблок қазандығы біраз уақыт суытылып тұрған соң, іске қосылды.
Ал жуырда МАЭК-тегі жөндеу жұмыстары күзден кейін де жалғасатынын жазған едік.