Маңғыстау даласындағы сирек жыртқыштар фототұзаққа түсіп қалды

АҚТАУ. KAZINFORM –Маңғыстауда жабайы жануарлардың тыныс-тіршілігі фототұзаққа түсіп қалды. Устірт мемлекеттік табиғи қорығының мамандары сирек кездесетін жыртқыштар мен дала жануарларының фотосуреттерін жариялады. Кадрлардың арасында қарақұйрық, қасқыр, түлкі, шибөрі және Үстірт муфлоны бар.

Маңғыстау даласындағы сирек жыртқыштар фототұзаққа түсіп қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Фототұзақтар қорық аумағында тәулік бойы жұмыс істеп, жануарларды табиғи ортасында бақылауға мүмкіндік береді. Мамандар камера арқылы олардың қозғалысын, мінез-құлқын, мекен ету ортасы мен тіршілік ерекшеліктерін зерттейді.

Маңғыстау даласындағы сирек жыртқыштар фототұзаққа түсіп қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Бейнежазбалардан Үстірт арқары, қарақұйрық, қасқыр, түлкі мен шибөріден бөлек, сирек кездесетін жыртқыштардың бірі - алдыңғы азиялық қабылан да байқалған. 

Маңғыстау даласындағы сирек жыртқыштар фототұзаққа түсіп қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Құстардың арасында бүркіт, дала қыраны, қара құмай және кекілік бар.

Маңғыстау даласындағы сирек жыртқыштар фототұзаққа түсіп қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Фототұзақ кадрлары Маңғыстаудың табиғи байлығын, өңірдегі жануарлар дүниесінің алуан түрлілігін көрсетеді. Мұндай бақылау жұмыстары сирек кездесетін аң-құстардың түрлерді қорғауға, олардың популяциясын зерттеуге және табиғи мекенін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. 

Бұған дейін, Бұйратау ұлттық паркінде маралдар фототұзаққа іліккен болатын.

Ал, Алматы табиғи қорығында фототұзаққа таутекелердің текетіресі түсіп қалды.