Маңғыстау халқы негізінен жер мен құрылыс саласындағы жемқорлыққа жиі шағымданады

Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

доллар
Фото: Pixabay

Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин баяндама барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында облыста комплаенс-қызметтер жүйесі белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.

Қазіргі уақытта комплаенс мәселесімен айналысатын 98 маман жергілікті және орталық органдарда жұмыс істейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс — квазимемлекеттік сектор субъектілері мен оның қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы сақтауын қамтамасыз ететін функция.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов тоғыз ай ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мониторинг пен бақылау нәтижесі туралы есеп берді.

Есепті кезеңде мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша жүргізілген 20 бақылау шарасының нәтижесінде 5 126 құқық бұзушылық анықталды. Оның 23,7% жергілікті атқарушы органдарға қатысты. 

Тәртіптік жауапкершілікке 64 қызметкер тартылған. 

Әкімшілік кодекстің 465-бабына сәйкес департамент зерттеу жүргізіп, 12 әкімшілік хаттама жасады.

Осылайша мемлекет пайдасына жалпы сомасы 603 750 теңге айыппұл өндірілді.

Шағымдардың ең көп бөлігі жер қатынастарына тиесілі — 42,4%, сондай-ақ 24,2% — сәулет және қала құрылысы салаларына қатысты.

Сәулет саласындағы шағымдарды қарағаннан кейін департамент 4 әкімшілік іс қозғап, айыппұл өндірді.