Маңғыстау мұнайшылары кәсіподағының жетекшілері ҚазМұнайГаз басшысымен кездесті

КМГ
Фото: kmg.kz

АҚТАУ. KAZINFORM – «Маңғыстаулық жергілікті мұнайшылар кәсіподағы» ҚБ өкілдері Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығымен арнайы кездесу өткізді.

Жылда өтетін дәстүрлі басқосуға ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бастаған басшылық құрам, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай, «Маңғыстаулық жергілікті мұнайшылар кәсіподағы» ҚБ төрағасы Бахтияр Бөлекбаев пен өзге де кәсіподақ өкілдері қатысып, саладағы мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Кездесуде қос тарап өткен жылдың өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын шығарып, еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, еңбек жағдайын, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өндірістік тәртіпті жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасқаны айтылды.

Мұнайшылар кәсіподағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Маңғыстау облысы мен еліміздің батыс өңірлерінде қолға алынған ірі әлеуметтік жобаларына қатысты пікір білдірді.

Былтыр желтоқсан айында батыс өңірде ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін «ҚазМұнайГаз» «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту жобасының бірінші кезеңін аяқтаған болатын. Бұл жұмыс құбырдың су өткізу қуатын тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттыды.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қыркүйек айында Жаңаөзен іргесіндегі Кендірліде су тұщыту зауытының құрылысы басталды. Ұлттық компания Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салуды қолға алып, оны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа жобалардың жүзеге асу кезеңі мен нысандар іске қосылған кезде ашылатын жаңа жұмыс орындары қаладағы әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді деп күтіліп отыр.

Бұдан өзге, кәсіподақ өкілдері еңбекақы, мұнай кәсіпшілігінде қолданылатын жабдықтарды сатып алу мен жаңарту, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, шаруашылық-тұрмыстық кешендерді салу, жөндеу және басқа да мәселелерін жайын алға тартты.

«Өзен кен орнын оңалту жобасына, оны іске асыру кезіндегі негізгі сын-тегеуріндер мен технологиялық қиындықтарға жеке тоқталды. Сонымен қатар кездесуде «Өзенмұнайгаз» компаниясының өндірістік жоспары мен қаржылық қызметінің нәтижелері, сондай-ақ электр қуатымен жабдықтау мәселесінің өндірістік процеске әсері талданды», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар