Маңғыстау облысында 75 жетім бала тұрғын үй кезегіне қойылмаған
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау прокурорлары 75 жетім баланың тұрғын үй кезегіне қойылмағанын анықтап, жауапты қызметкерлерді жазаға тартты. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

— «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қоюға міндетті. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан 14 жетім жасөспірімді асырап алған қамқоршыларының біржолғы тегін ақшалай төлем алу құқықтарының негізсіз шектелгені және 24 қамқоршыға тиісті әлеуметтiк төлемдердiң белгіленген мөлшерден кем төленгені анықталды, — делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісімен барлық жетім балалар тұрғын үй кезегіне қойылып, төлемдер сәйкестендірілді.
Жауапты қызметкерлер тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Алатау қаласында 89 жетім бала үй кезегінде тұр.