Маңғыстау облысында алимент төлеуден жалтарған 65 тұрғын жауапқа тартылды
Маңғыстау облысының прокурорлары алимент төлемегені үшін 65 жергілікті тұрғынды әкімшілік жауапқа, 18 тұлғаны қылмыстық жауапқа тарты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдау барысында 1,4 млн теңге берешегі бола тұра, табыс көзін жасырып және алимент төлеуден бірнеше жыл бойы жалтарып жүрген «Н» есімді азамат анықталды.
Әкімшілік сот азамат «Н» әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, 2 тәулікке қамады.
Сонымен қатар прокурорлар 3 баланың әкесімен ата-аналық міндеттерін тиісті түрде орындамай, алимент төлеуден жалтару фактісін анықтады.
Көрсетілген тұлға тұрақты табыс көзінің болуына қарамастан 3,3 млн теңге алимент берешегін төлеуден жалтарып жүрген.
Қалалық сот «Ф» есімді азамат Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған қатысты 100 сағат қоғамдық жұмыс және 1 жыл бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды.
Бұдан бөлек, алимент төлеуден жалтарып жүрген 17 тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
«Прокуратура бұдан бұрын бірнеше рет алимент төлемеудің құқықтық салдары туралы ескерткен және азаматтарды өздерінің ата-аналық міндеттеріне адал қарауға шақырады. Бүгінгі таңда облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру бағытында белсенді жұмыстар атқаруда»,-делінген Маңғыстау облысының прокуратурасы таратқан мәліметте.