Маңғыстау облысында әскери-патриоттық жастар жарысында үздіктер анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскері десанттық-шабуыл батальоны базасында «Айбын – 2026» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңі өтті.
Жарысқа өңірдің бес ауданы мен екі қаласынан келген командалар қатысты. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: кермеге тартылу, жатып дене көтеру, әскери кросс, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату және эстафета. Бұл сынақтар қатысушылардан дене дайындығының жоғары деңгейін, төзімділік, ептілік, жылдамдық және командалық үйлесімділік талап етті.
Ақтау қаласындағы №22 мектеп-гимназиясының оқушысы Камила Костромина жарыс туралы пікір білдіріп, командалық рухтың маңызды екенін атап өтті.

Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтау қаласының «Каспий» командасы иеленді. Екінші орынды Мұнайлы ауданынан келген «Жас жауынгер» әскери-патриоттық клубы, үшінші орынды Жаңаөзен қаласының «Қайсар» командасы алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Олар маусым айында Ақмола облысының Щучинск қаласында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Маңғыстау облысының атынан өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада Қарулы күштердің үздік мергендері анықталғанын жазған едік.