Ақтауда ет пен көкөніс бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдәбеков Ақтау қаласындағы көтерме базарларды тексерді. Ол «Асар-С» базары, сондай-ақ KazFruit және Asia Fruit Aktau ірі көкөніс қоймаларын аралап шықты. Бұл нысандар арқылы Маңғыстау облысына өнімнің негізгі бөлігі жеткізіледі. Тексеру Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша азық-түлік нарығында тәртіп орнату және делдалдықты азайту мақсатында жүргізілді.

Маңғыстау облысында азық-түлік бағасын төмендету үшін әкімшілік шаралар қабылданды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Өңірде арнайы комиссия құрылып, «Көк базар», «Асар-С» базарларында және «Мағаш» базарының ет секторында мониторинг жүргізілді. Тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Бес кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген сауда үстемесінен жоғары бағамен сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Мағаш» базарында ет өнімдерінің бағасын негізсіз көтеру фактісі тіркелді. Комиссияның араласуынан кейін еттің бір килограмының бағасы 4 500 теңгеден 3 500 теңгеге дейін төмендеді. 

Сонымен қатар жеткізу тізбектерінде артық делдалдық буындар анықталды. Бір тауар бойынша бір күн ішінде бірнеше мәміле жасалған жағдайлар анықталды. Нәтижесінде «Товары и Сервис» ЖШС тиімсіз делдал ретінде танылып, жеткізу тізбегінен шығарылды. Бұл Ақтаудағы ірі сауда желілерінің біріне өнімді көтерме жеткізушіден тікелей сатып алуға мүмкіндік беріп, картоп бағасын 275 теңгеден 242 теңгеге, пиязды 165 теңгеден 132 теңгеге дейін төмендетті.

Ұқсас жағдай Asia Fruit Aktau мен Asia Fruit Aktau KZ арасындағы көкөніс жеткізу барысында да анықталды. Делдал алынып тасталған соң сауда желісі тікелей сатып алуға көшіп, картоп бағасы 235 теңгеден 225 теңгеге, сәбіз 264 теңгеден 205 теңгеге дейін төмендеді.

Айдар Әбілдәбеков өңірде делдалдық схемаларды анықтау жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Ол жыл басынан бері анықталған делдалдар саны аз екенін және бұл көрсеткіш күмән тудыратынын айтты. Сонымен қатар Маңғыстау облысы өнімнің басым бөлігін импорттаушылар мен басқа өңірлердің көтерме жеткізушілері арқылы алатын аймақтардың бірі саналады. Бұл мәселенің шешімі аймақ басшылығының нақты әрі нәтижелі жұмысына байланысты екенін жеткізді. Тиісті деңгейде жұмыс жүргізілген жағдайда делдалдық схемаларды жүйелі түрде анықтауға болады.

Маңғыстау облысында азық-түлік бағасын төмендету үшін әкімшілік шаралар қабылданды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

2026 жылдың басынан бері мемлекеттік бақылау күшейтілді. 23 сәуірдегі жағдай бойынша 204-4-бап бойынша 1 406 айыппұл салынды, бұл 2025 жылғы осы бап бойынша құқықбұзушылықтардың шамамен 50 пайызын құрайды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 53 млн теңгеден асты. Оның ішінде Маңғыстау облысында 49 айыппұл салынып, жалпы сомасы 540 мың теңге болды.

Баға айырмашылығын қолдану және баға белгісінің болмауына байланысты 489 қаулы шығарылып, 18,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Маңғыстау облысында 36 қаулы шығарылып, 1,1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. 

Қозғалған әкімшілік істер саны бойынша Маңғыстау облысы өңірлер арасында төртінші орында тұр.

Делдалдық схемаларды анықтау мақсатында өңірлік комиссиялардың жұмысы жанданды. Республика бойынша 372 отырыс өткізіліп, 1 092 заңбұзушылық анықталды, 974 әкімшілік хаттама толтырылып, 118 делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.

Маңғыстау облысында 23 сәуірдегі жағдай бойынша 27 отырыс өткізілді. Нәтижесінде 51 заң бұзушылық тіркеліп, оның 49-ында сауда үстемесінің асып кетуі анықталды. Бұл бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, екі тиімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.

Облыс заңбұзушылықтар саны бойынша алтыншы орында тұр.

Сонымен қатар электронды шот-фактураларға талдау жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 4 395 жеткізу тізбегі зерттеліп, 2 361 тәуекел анықталды. Бұл артық үстеме мен сауда заңнамасын бұзу жағдайларын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Абай облысында азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлерге шара қолданылғанын хабарлаған едік.