Маңғыстау облысында қатерлі дертке шалдыққан науқастар жәрдемақыдан қағылған
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысының прокуратурасы онкологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу тәртібінің заңдылығын тексерген. Нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарына қарамастан, 3-4 топтағы онкологиямен ауыратын және паллиативтік көмек алатын 661 адамның мүгедектікті ресімдеу және кепілдік берілген әлеуметтік жәрдемақыны алу мүмкіндігінен айырылғаны анықталды.
– Тіркелген жері бойынша емханалардағы емдеуші дәрігерлер науқастарға сараптамадан өту керектігін ескертпеген. Бір науқас 5 жылдан бері білместен жүр. Біріне 2 ай болған. Медициналық-әлеуметтік сараптамада науқастарға мүгедектік, әлеуметтік жәрдемақылар мен басқа да жеңілдіктер тағайындалады, - дейді Маңғыстау облыстық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Ғани Боранбаев.
Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізілген. Соның арқасында денсаулық сақтау басқармасы аталған тұлғаларды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу жұмыстарын бастады. Бұл процесс облыс прокуратурасының бақылауына алынды.
Бұған дейін, елімізде 2025 жылы жәрдемақылар мен зейнетақы неше пайызға өсетіні туралы жазған болатынбыз.