Маңғыстау облысында қызылша жұқтырғандар саны көбейді
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында қызылша жұқтырғандар саны артып отыр. Жыл басынан бері өңірде ауруға күдікпен 440 жағдай тіркеліп, оның 299-ы зертханалық жолмен расталған. Бұл туралы өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 36,4 жағдайды құрайды. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда науқастар саны едәуір өскен.
Инфекция әсіресе балалар арасында жиі кездеседі. Тіркелген жағдайлардың 70 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Оның ішінде бес жасқа толмаған 150-ге жуық бала қызылша жұқтырған.
Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі Ақтау қаласында тіркелген. Жалпы жағдайлардың 68,2 пайызы қалаға тиесілі. Мұнайлы ауданында — 9,7%, Қарақия ауданында — 7,6%, Жаңаөзен қаласында — 4%, Маңғыстау ауданында — 3,7%, Түпқараған ауданында — 3%, Бейнеу ауданында — 1,6% жағдай анықталған.
Мамандар қызылшаның аса жұқпалы вирустық инфекция екенін ескертеді. Аурудың алғашқы белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас болуы мүмкін. Алайда асқынған жағдайда өкпе қабынуы, бронхит және мидың зақымдануы сияқты ауыр салдарға әкелуі ықтимал. Әсіресе кішкентай балалар мен иммунитеті әлсіреген адамдар үшін қауіпті.
Қызылшаның алдын алудың негізгі жолы — вакцинация. Қазақстанда балаларға қызылшаға қарсы екпе бір және алты жаста салынады. Ол қызамық пен паротиттен де қорғайтын біріктірілген вакцина.
Департамент мәліметінше, өңірде қосымша иммундау шараларымен 12 мыңнан астам бала қамтылған. Мамандар ата-аналарға балаларының екпе алу мәртебесін тексеріп, уақытында вакцина салдыруға кеңес береді.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда қызылшамен ауырған бір жасар қыз көз жұмғанын хабарлаған едік.