Маңғыстау облысында нөсер жауыннан кейін ауыл көшелерін су басты
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Таушық ауылында жауған жаңбырдан кейін көшелерді су басып, екпінді су ағыны жүрген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада елді мекен аумағымен аққан нөсер суының жолдарды шайып жатқанын көруге болады.
Таушық ауылының әкімі Нұржан Бақтыбаевтың айтуынша, қатты нөсер жауын шамамен сегіз минутқа созылған. Жауын-шашын көп мөлшерде түнгі сағат 01:00-ден 02:00 аралығында және таңғы сағат 10 да жауған. Дегенмен, төтенше жағдай тіркелмеген.
-Тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ. Үйлерді су басу немесе шатырлардың бүліну жағдайы тіркелген жоқ. Негізгі су ағыны теңіз бағытына қарай кетті. Қазіргі уақытта елді мекендегі жағдай тұрақты, - дейді ауыл әкімі.
Бұған дейін, Найзағай, нөсер жаңбыр: 15 маусымда бес өңірде +39°C ыстық болатыны хабарланған болатын.