Маңғыстау облысында «Торыш» тастары ерекше қорғалатын табиғи аумағы құрылуы мүмкін

Маңғыстау облысында «Торыш» тастары жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумағы құрылуы мүмкін. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьр-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

Маңғыстау облысы
Фото: Kazinform

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақ – ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерi бар жер учаскелерi, су объектiлерi мен олардың үстiндегi әуе кеңiстiгi. «Торыш» тастары мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің осы түрлерінің ешқайсысына жатпайтынын атап өту қажет», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің түсіндіруінше, Заңның 10-бабына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлерді дамыту, республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзедi.

Заңның 11-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингілеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектілерін тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп таниды және оларды Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады.

Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары алдын ала есепке алу тізіміне енгізеді. Олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.

«Осыған байланысты, Маңғыстау облысының әкімдігі ғылыми мамандандырылған ұйымдармен бірлесіп, «Торыш» тастарының бірегейлігін, маңыздылығын айқындау үшін ғылыми зерттеулер жүргізетін және оларды мемлекеттік табиғи-қорық қорының немесе тарихи-мәдени мұраның объектісіне жатқызу үшін негіздемемен мүдделі органдарға ұсыныс енгізетін болады. «Торыш» тастарын мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектісіне жатқызған жағдайда түрі жаратылыстану-ғылыми негіздемесімен айқындалатын болашақта жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру мүмкін болады», - деді Әлихан Смайылов.