Маңғыстау облысындағы кедендік шекарада электронды кезек енгізілді

переход
Фото: Мухтор Холдорбеков/МИА "Казинформ"

Маңғыстау облысында 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының кедендік шекарасында автоматтандырылған электронды кезек жүйесі пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл жүйе ЕАЭО-ның сыртқы шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасының 2 өткізу пунктінде жұмыс істейді: «Темір баба» кеден бекеті (қазақ-түрікмен шекарасында көлік өткізу); «Тәжен» кеден бекеті (қазақ-өзбек шекарасындағы көлікті өткізу).

Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты – көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу пунктіндегі тәртібін қалыптастыру үдерісінің ашықтығын және цифрландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ еліміздің транзиттік, көліктік және экспорттық әлеуетін арттыру.

Жүйені Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ақпараттық-есептік орталығы АҚ мамандары әзірлеген. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық порталда немесе мобильді қосымша арқылы тіркелгеннен кейін жүргізуші бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл жағдайда жүргізуші өз кезегі туралы SMS хабарлама алады.

Электрондық кезекті енгізудің уақытша схемасы мен мерзімімен Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурстарынан және CargoRuqsat.kz сайтынан танысуға болады.

Осыған байланысты, аталған автобақылау пунктері арқылы Қазақстан аумағынан шығуды жоспарлаған тасымалдаушылар «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электронды кезекте орын брондауы қажет.

Ол үшін сілтеме бойынша өтіп, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркеліп, жүйеге кіріп, қажетті өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетіп, толтыру қажет. 

Өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақытылы келу керек.

Кедергілерді болдырмау үшін тасымалдаушылар электронды кезекті алдын ала брондағаны жөн.

Барлық сұрақтар бойынша KGD байланыс орталығына 1414, 8-800-080-7777 телефондары бойынша хабарласуға болады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу, сондай-ақ олардың электрондық кезек арқылы өтуі үшін алымдардың мөлшерлері:

(Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2023 жылғы 25 мамырдағы No 538 бұйрығымен бекітілген)

1) Автоматтандырылған электрондық кезек жүйесінде брондау күні мен уақыты бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өту үшін жүк көліктері, оның ішінде тіркемелерімен, жүк автомобильдері мен тракторлар – 1 АЕК (1 (бір) көлік құралы үшін төлем);

2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы кезектен тыс (жеделдетiлген) тәртiппен өткiзу үшiн жүк автомобильдерi, оның iшiнде тiркемелерi бар жүк автомобильдерi, тракторлар – кесiп өту күнiн кейiнге қалдыру мүмкiндiгiмен төлем жасалған күннен бастап күнтiзбелiк 30 (отыз) күн iшiнде – 100 АЕК (1 (бір) көлік құралы үшін төлем сомасы);

3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы кезектен тыс (жеделдетілген) тәртіпте өткізуге арналған жүк көліктері, оның ішінде тіркемелері бар жүк автомобильдері, тракторлар – кесіп өту күнін кейінге қалдыру мүмкіндігімен төлем жасалған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде – 50 АЕК (1 (бір) көлік құралы үшін төлем сомасы).

Соңғы жаңалықтар