Маңғыстау облысындағы мұнай кәсіпорындары миллиард теңге қаржы жымқырған

прокуратура
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының прокуратурасы экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп мұнай-газ саласының 5 кәсіпорнында тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы мәлім етті.

«ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам сомаға техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағаны анықталды. Бұл ретте олардың құны 400 млн теңгеге жоғарылатылған», - делінген хабарламада.

Жұмыс істелмеген арнайы техника қызметтері үшін 110 млн теңге мөлшерінде ақша қаражатын аудару фактілері белгілі болды.

«West Oil Software» ЖШС-де («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда негізсіз жалақы есептеу деректері орын алған», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. 

Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру) бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшы лауазымды тұлғалары ұсталды.

Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.

Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.

Соңғы жаңалықтар