Маңғыстау өңірінде үшемді ауруханадан шығарып алуға бір топ әскери келді

Маңғыстау облысында дүниеге келген үшемді ауруханадан бір топ әскери қызметші сән-салтанатпен шығарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

үшем
Фото: видеодан кадр/mangystautv.kz

Жалпы Маңғыстау өңірі елімізде тек экономикалық тұрғыда ғана емес, демографиялық жағынан да көш бастап тұр. 2022 жылы туу көрсеткіші бойынша өңірлер рейтингісінде 28,5 көрсеткішпен бірінші орынға орналасты.

Ақтау қаласының тұрғыны Динара Ахатова үшінші сәбиіне жүкті болғанда дүниеге үшем әкелетінін мүлдем ойламаған. Маңғыстау облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде еңбек ететін майор Ерғали Төреәлі мен жұбайы Динара үшін бұл күтпеген қуаныш еді. 11 тамызда дүниеге келген үшемдерге: Айша, Абзал, Ағзам есімдері берілді.

Осылайша Ерғали мен 26 жастағы Динара бір күнде көпбалалы отбасыға айналды. Тұңғыштары – Медина үш жаста, екіншісі – Айбар екі жаста.

Бір айға жуық облыстық Ана мен бала орталығының басшысы, акушер-гинеколог Жапырақ Кеңесханқызы мен неанатолог-дәрігер Тойдық Жұмағанбетованың тікелей бақылауында болған келіншек 13 қыркүйек күні перзентханадан үйге шығарылды.

Әріптесінің қуанышына ортақтасып Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің офицерлері перзенханадан шығарып алу шарасына бір адамдай қатысқан. Ерғали Төреәлінің басшылығы Отан алдында абыройлы қызмет етіп жүрген көпбалалы әкеге барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті.