Маңғыстау тұрғындары елді-мекен іргесіндегі мал шаруашылығынан шыққан сасық иістен зардап шегіп отыр

АҚТАУ. KAZINFORM – Мұнайлы ауданы Қызылтөбе-2 ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері сасық иістен құтыла алмай келеді. Олар тіпті, бетперде тағып жүруге мәжбүр. Айтуларынша, қолқаны қабатын иіс 100 метр жердегі қоралардан шығып жатыр.

Маңғыстау тұрғындары елді-мекен іргесіндегі мал шаруашылығынан шыққан сасық иістен зардап шегіп отыр
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

— Мына иіс қазір де сезіліп тұр, күні-түні маза бермейді. Қазір қайта қыс айы ғой ертең көктемде тіпті жаман болады, жата алмаймыз. Сосын бұларда түйе, тауық, малдың бәрі бар. Көктемде төрт-түліктің бәрін шығарып жібереді, осы көшеде жүреді, сосын үйдің алдында жүреді. Бірде баламды түйе қуып, әрең құтқарғанмын, — дейді тұрғындардың бірі Еркін Жексенбиев. 

Тұрғындардың айтуынша, ауылда осы шаруашылықтардың кесірінен электр жарығы әлсіз. Салдарынан тұрмыстық техникалары істен шыққан. 

Маңғыстау тұрғындары елді-мекен іргесіндегі мал шаруашылығынан шыққан сасық иістен зардап шегіп отыр
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

— Сағат 9 да аппарат қосады, не істейтінін білмейміз шөп кесе ме әлде, қағаз турайды ма? Содан біз түнгі 12-ге дейін жарықты өшіріп қоямыз. Аппаратын өшіргенде ғана телевизорымызды қосамыз. Әйтпесе, күйіп кетеді. Біреуі күйіп, жақында несиеге тағы бір телевизор сатып алдым. Ал, мына иістің кесірінен маска киіп жүреміз, — дейді ауыл тұрғыны Әлима Нұрмағанбетова. 

Маңғыстау тұрғындары елді-мекен іргесіндегі мал шаруашылығынан шыққан сасық иістен зардап шегіп отыр
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

Ауыл әкімдігінің мәліметінше, елді-мекеннің іргесінде 4-5 қосалқы шаруашылық бар. Солардың бірі 60-қа жуық жылқыны қорадан шығармай ұстап, бордақылап жатыр. Малдың қиын шығармай, жинап қойған. Жағымсыз иіс содан болып шықты. 

Маңғыстау тұрғындары елді-мекен іргесіндегі мал шаруашылығынан шыққан сасық иістен зардап шегіп отыр
Фото: Аягөз Ізбасарова\Kazinform

— Жаңа тұрғындардың көзінше, ескерту айтылды. Екі күн деп едік, бізден бір апта уақыт сұрады. Енді 1 аптаның ішінде шаруашылықты тазалайтын болды. Бірақ біз санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарлама беріп, тексертеміз. Қосалқы шаруашылық болғасын, қанша мал ұстауға болатынын қарап, шара қолданамыз, — дейді Қызылтөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Наурызбек Сүйіт. 

Бұған дейін, алматылықтар қолқаны қапқан сасық иістен құрқаруды өтініп, әкімнен көмек сұрағанын жазған болатынбыз. 


Соңғы жаңалықтар