Маңғыстауда 15 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді

Маңғыстау облысында 15 мектеп үш ауысым бойынша жұмыс істейді. Мектеп жетіспеушілігі Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Түпқараған аудандарындағы білім орындарында бар, деп хабарлайды Kazinform.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық жиһаз бен әрлеу материалдары сатып алынады
Фото: primeminister.kz

Аталған қала, аудандарда жыл сайын оқушылар саны артып келеді. Мәселен, былтыр 175 мың білім алушы болса, биыл олардың қатары 183 мыңға артқан.

Ал өңірде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынатын 21 мектеп арқылы бұл мәселе шешілмек. Мектептердің құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған.

- Заманауи үлгідегі балалардың оқу-тәрбие процесіндегі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін білім ордалары болмақ. Сондықтан балаларға 21 заманауи үлгідегі мектеп өзінің есігін 2025 жылға дейін айқара ашатын болады. 21 мектеп бұл екі ауысыммен есептегенде 44 мың орынды қамтиды. Яғни 2026 жылға дейін бізде үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі деп сенеміз, - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева.