Маңғыстауда 21 мектеп салынады, автокөлік жолдары 96% жақсарады

Маңғыстау облысы бірнеше жыл қатарынан бала туу қарқыны бойынша рекорд жаңартты. Бұл қосымша білім беру ресурстарын қажет етеді. Аталған қажеттілікті шешу үшін облыс орталығында, елді мекендерде де жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Маңғыстау
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Өңір басшысы қалалар мен ауылдарды кешенді дамыту жаңа аудандармен қоса, қолайлы әлеуметтік инфрақұрылымды — балабақшалар, мектептер, емханалар, ойын және спорт алаңдарын да салуды көздейтінін атап өтті.

Оның мәліметінше, 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 209 млрд теңге қарастырылған, бұл – облыс бюджетінің 43%-ы.

«Облыста 188 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның 39-ы — жекеменшік мектеп. Соңғы үш жылда оқушылар саны 25 мыңға артып, 182 мыңды көрсетті. Биыл Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлыда 3 972 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды. Әкімдік жетекшілігімен әлеуметтік нысандар қатары артып, әсіресе мектептер қадамдық қолжетімділікте болуы үшін тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Бұл үшін қазірдің өзінде білім беру нысандарын салу және кеңейту қарқынды жүріп жатыр», - деді Н.Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сондай-ақ «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Түпқараған ауданында М.Горький атындағы мектеп-лицейіне жапсарлас ғимарат пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша облыста 2025 жылға дейін 2 ауысымда 44 мың орындық 21 мектеп салу жоспарланған. 13 мектеп бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды, құрылыс жұмыстары басталды. 

Маңғыстау
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Білім беру ошақтарының құрылысын салудағы демеушілік білім беруді дамытуда маңызды рөл атқарады. «NCOC» және «Buzachi Operating LTD» компаниялары бұл процеске белсенді қатысып, мектеп құрылысына қаражат құюда. Осылайша, Бекі ауылында 100 орындық мектеп, ал C.Шапағатов ауылында 1200 орындық мектеп салынады.

«Әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыруда автомобиль жолдарының маңызы аса зор. Сапалы жолдар — өңір экономикасының өзегі екенін атап өткен жөн. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының басты бағдары 21 ауылды қамтиды және биыл автожол салу және жөндеу жобаларына қомақты инвестицияларды тарту маңызын айқындай түседі. Биыл орындалған жұмыстар нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін 96%-ға дейін жақсарту жоспарлануда. Бұл тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және жалпы облысты дамытуға маңызды қадам болмақ», - дейді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, Нұрлан Ноғаев Астанада Маңғыстау облысының биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар