Маңғыстауда 37 адам уланған кафенің иесі бас бостандығынан айырылуы мүмкін

асхана
Фото: Pexels

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы қоғамдық тамақтану орнында астан уланған адам саны 37 адамға жетті. Қазір аталған оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталып, қоғамдық тамақтану орталығы төрт күннен бері жабық тұр. 

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, уланған адамдар 21 ақпаннан бастап жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

«Бейнеу аудандық ауруханасына 22 ақпанда астан уланған науқастан түсе бастады. Оларды тексеру кезінде 19 ақпан күні аудан орталығында „Али-Ман“ кафесінен суши, пицца секілді фастфуд тағамдарын жегені белгілі болды. Науқастарда 20 ақпаннан бастап жағдайы нашаршап, дене қызуы 39 градусқа дейні көтерілуі және іштің өтуі байқалды. Жалпы, астан уланған жедел жәрдем қызметін шақырғаннан кейін аудандық көп бейінді ауруханаға қарала бастаған. 22 ақпан күні полицияның араласуынен аталған кафе жабылды. Статистика бойынша 21 ақпан күні 9 адам дәрігерге қаралса, 2 аурухана жатқызылды. 22 ақпан күні 12 адам қаралды. Ал ақпанның 23 күні қаралғандар саны 13 адам болса, 8-і аурухана жатқызылды. Ал сенбі күні 1 адам қаралған. Қазіргі уақытта қаралған адамдар саны — 37. Оның 27-сі стационарлық ем қабылдап жатыр. Он адам амбулаториялық бақылауда. 7 адамның жағдайы орташа ауырлықта. 20-сы қалыпты жағдайда», — деді Бибізада Дүйсенбаева. 

Бибізада Әшімқызының сөзінше, науқастар арасында 8 бала, 2 жүкті әйел және таяуда босанған бір келіншек бар.

Маңғыстау облысы ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы Айболат Мырзашев тергеу нәтижесі бойынша жауаптылар бас бостандығына айрылуы мүмкін екенін атады.

«Бейнеудегі „Али-Ман“ фастфуд орталығындағы жаппай уланудан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық кодекстің 304 бабының1 бөлігі бойынша іс тіркелді. Яғни, санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормантивтерді бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Сонымен қатар, оқиға орнын тексеру жүргізілді. Асханадағы тамақтың құрамы зертханаға жіберілді. Қылмыстық іс шеңберінде жәбірленушілердің денсаулығына байланысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалып отыр. Сараптама қорытындысынан кейін процессуалды шешім қабылданатын болады. Аталған бап бойынша айыппұл салынады немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деді ол. 

Қазір уақытта Бейнеу аудандық көпбейінді орталық ауруханасында жатқан тұрғындардың жағдайы жігі бақылауда. Ал оларға қажетті тиісті дәрі-дәрмек қоры жеткілік көрінеді. 

Бұған дейін Бейнеуде отыздан астам адам тамақтан уланып ауруханаға түскені мәлім болған еді.

Кейін оларға қатысты тиісті тексеру жұмыстары басталғаны белгілі болды.  

Соңғы жаңалықтар