Маңғыстауда 4 асхана қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

АҚТАУ. KAZINFORM – Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектептің асханасында оқушыларға тамақ әзірлеген төрт жұмысшы медициналық тексеруден өтпестен жұмыс істеген.

Школьная столовая Мектеп асханасы
Фото: Әділет Беремкулов/ Kazinform

Сотта олар жалған медициналық қорытындыны 5000 теңгеге сатып алғанын айтқан. Жалған құжатта медициналық тексеру, флюрография, дерматологиялық тексеру және бактериологиялық зерттеуден өтіп, жұмысқа жарамды екені жазылған.

- 4 азаматқа қатысты сот үкімі желтоқсан айында жарияланды. Оның біріне 40 айлық есептік көрсеткіш, қалған үш азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді, - дейді Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.

Яғни айыпталушылардың біріне 148 мың теңге, қалған үшеуіне 74 мың теңгеден айыппұл салынған. Еске салайық, қыркүйекте Бесшоқы ауылындағы мектептің 500 ге жуық оқушысы астан уланып, ауруханаға түскен еді. Абырой болғанда балалар емделіп шықты. Бірақ тексерулер нәтижесінде мектеп асханасында санитарлық талаптар сақталмаған болып шықты. Аспаздан бастап, өзге де жұмысшылардан стафилококк бактериясы табылды.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жуырда асхана меңгерушісіне қатысты сот отырысы басталды. 

Соңғы жаңалықтар