Маңғыстауда 600-ден астам жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды
Маңғыстауда өткен апта ауа райының күрт өзгеруіне байланысты республикалық тас жолдарды қар басып, көктайғақ болды. Қар құрсауында қалған 600-ден астам жүк көлігі шығарылды, деп хабарлайды Kazinform.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар және Ішкі істер департаментімен келісім бойынша автожолдардың жекелеген учаскелерінде қозғалысты уақытша шектеді. Қардан тазарту жұмыстарына 25 техника, 40 адам жұмылдырылған.
540 текше метр көлемінде көктайғаққа қарсы қоспа шашқан.
17-18 желтоқсанда да ауа райының нашарлауы болжанған. Сондықтан мамандар Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметінің хабарламаларына мұқият болуға және ауа райы нашарлаған кезде қала сыртындағы жолдарға шықпау керектігін ескертіп отыр.