Маңғыстауда 800-ден астам ежелгі аңшылық тұзағы бар

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында 800-ден астам ежелгі аңшылық тұзағы — аран бар. Қазір «Үстірт: мәдени ландшафттар және аңшылық тұзақтар — арандар» нысанын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маңғыстауда 800-ден астам ежелгі аңшылық тұзағы бар
Фото: Kazinform/ЖИ

Арандар — Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасындағы бірегей нысандардың бірі. Олар ежелгі дәуірден бастап аңшылық мақсатта пайдаланылған. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Номинацияны әзірлеу аясында ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларынан құралған техникалық миссия Үстірт аумағында далалық зерттеулер жүргізген. Мамандар нысанның табиғи және мәдени ерекшеліктерін зерделеп, оларды қорғау мәселелері мен ғылыми зерттеулердің алдағы бағыттарын талқылады.

Маңғыстауда 800-ден астам ежелгі аңшылық тұзағы бар
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Археолог, ҚР Ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі мәдени мұра сарапшысы Дмитрий Воякиннің айтуынша, мәдени және табиғи мұраны біртұтас нысан ретінде қамтитын номинацияны әзірлеу күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Оның сөзінше, мұндай номинация посткеңестік кеңістікте алғаш рет дайындалып жатыр.

Сарапшылар ежелгі арандардың қалай пайдаланылғанын анықтау үшін археологиялық эксперименттер жүргізуді көздеп отыр. Бұл зерттеулер аңшылық құрылыстарының тарихи қызметін ғылыми тұрғыда қалпына келтіріп, олардың мәдени-тарихи құндылығын халықаралық деңгейде негіздеуге мүмкіндік береді.

Маңғыстауда 800-ден астам ежелгі аңшылық тұзағы бар
Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында 601 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған.

Айта кетейік, биыл шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында Маңғыстаудағы бес жерасты мешіті Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Олар — Бекет ата (Оғыланды), Шопан ата, Сұлтан Үпі, Қараман ата және Шақпақ ата. Нысандар тізімге «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындары» атауымен енді.

Бұған дейін Ерлан Қарин Маңғыстаудағы жерасты мешіттерінің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілуіне қатысты пікір білдірді.